
Бүгін Шымкентте Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бизнес-форум өтіп жатыр. Халықаралық маңызы бар бұл іс-шараға екі елдің кәсіпкерлері қатысып, сауда, инвестиция, логистика, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылады.
Форумның салтанатты ашылуында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Үкіметі атынан барша меймандарды және Ауғанстаннан келген кәсіпкерлерді елімізде көргенімізге қуаныштымыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар жылдан-жылға артып келеді. Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі және біздің өңірлік саясатымызда стратегиялық маңызы бар мемлекет. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге зор мән береміз», деді министр.
Серік Жұманғарин өз сөзінде соңғы жылдардағы сауда көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларын құраған. Ал биыл алғашқы сегіз айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 280 миллион долларға жеткен.
«Кейбір өнім түрлері бойынша аздаған төмендеу болғанымен, биыл бидай экспорты 2,9 есеге, мұнай өнімдері мен көлік құралдары экспорты 100 пайызға дейін артты. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай, күріш және қант сияқты негізгі тауарларды Ауғанстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға мүдделі», деді ол.
Министр ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетті мүмкіндіктерге тоқталып, экспорттық бағыттарды кеңейту үшін Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ өнеркәсіп пен көлік саласында да бірлескен жобалар қолға алынатынын жеткізді.
