
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Президент өңірдегі өндіріс орындарын, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды аралап көрді.
Мемлекет басшысының сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Президентке әуежайдың қызмет көрсету жүйесі, ішкі және халықаралық әуе рейстерін ұйымдастыру процесі жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы мен автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді. Жаңа терминал 2023 жылдың қараша айында пайдалануға берілген. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынған, ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлінген.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру шаралары жөнінде баяндалды. Президентке өңірдің ірі инвестициялық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны, Seven Rivers Technologies шыны ыдыстар шығаратын зауыты және басқа да нысандар жөнінде ақпарат берілді.
Мемлекет басшысы сапар барысында Өнер орталығына да барды. Президент көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын бақылады. Мың орындық көпфункционалды Өнер орталығы 2024 жылы ашылған. Оның құрылысына 3,7 миллиард теңге қаражат жұмсалған.
Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта да әлеуметтік және экономикалық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сондай-ақ Президент өңірдің өркендеуіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер жөнінде пікір білдірді.
