Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді. Соңғы 3 жылда  тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологияларының енгізілуі есебінен егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайып отыр.Оның ішінде өткен жылмен салыстырғанда Отырар ауданында егіс көлемі 20,8 мың гектарға, Арыс қаласында 9,2 мың гектарға, Сарыағаш ауданында 6,5 мың гектарға, Бәйдібек ауданында 4,8 мың гектарға, Сауран ауданында 2,3 мың гектарға артты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды.
КСМ: Нұралхан Көшеров сала жұмысын жетілдіру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Цифрландыру әдістерін қолдана отырып, егіс егу және суғарудың кешенді жол картасын әзірлеу қажет. Облыс аумағындағы көктем және күз мезгілінде бекітілген меженің толық орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2026-2029 жылдарға арналған арнайы жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын, – деді облыс басшысы. 
Мәжілісте егін жинау науқанының қорытындысы туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Әлібек Плалов есеп берді. Оның мәлімдеуінше, егіс құрылымы бойынша дәнді дақылдар 342 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға, көкөніс және картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 62 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 229,9 мың гектарға, мақта 144,5 мың гектарға егілді.
2025 жылдың 10 айына 2 329 жобаға 26,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, өткен жылдан 1,6 есе артты. Қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы техникалар паркін жаңалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі таңда қолданыста 25 мың техника бар.Тауар өндірушілер 1 531 жаңа техника сатып алды.Техникалар паркін жаңалау 8,8 пайызды құрады. Жыл соңына дейін 10 пайызға дейін жеткізу көзделген.Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау қалыпты деңгейде жүргізілуде.Биыл 695 мың тонна дәнді дақылдар, 54 мың тонна майлы дақылдар, 1,5 млн. тонна көкөніс, картоп, 1,7 млн. тонна бақша дақылдары, 5,2 млн. тонна малазықтық дақылдар және 428 мың тонна мақта жиналды. Мақта өнімі 1,4 есе, ал күріш 2,3 есе артқан. Алғашқы кезеңде дәстүрлі егіспен өнімділік 3,4 тоннаны құраса, жаңа технологиямен гектарына 4-5 тоннаны құрады. Топырақ құнарлығын арттыра отырып кейінгі жылдары гектарына 6-7 тонна өнім алуға мүмкіндік бар. Облыста ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру бағытында жұмыстар тұрақты жалғасады.
