Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу Университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті. Байқауға іріктеуден өткен, қазақ тілін жетік меңгерген 11 әскери қызметші қатысты. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек бұл байқаудың маңыздылығын атап өтіп, оның мақсаты – әскери салада мемлекеттік тілдің беделін арттыру, сондай-ақ қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ретінде дамытуға және оның қоғамдағы орны мен қадірін нығайтуға ықпал ету екенін жеткізді. Байқауға еліміздің бірнеше өңірлеріндегі әскери бөлімдер мен мекемелерден іріктелген үздік әскери қызметшілер қатысып, өздерінің тіл білгірлігін, шешендік қабілетін және ұлттық рухқа деген құрметін көрсетті.
Байқауға Абай облысынан келген Евгения Сергейқызы, 31767И әскери бөлімінің басқару пунктінің маманы, бұл байқауға алғаш рет қатысып отыр. Ол өз әсерімен бөлісіп: «Осындай мүмкіндік бәріне бірдей беріле бермейді. Өзге ұлт өкілі болсам да, қазақ тілін құрметтеп, оны меңгеру – мен үшін абырой. Мемлекеттік тіл – біздің ортақ құндылығымыз», – дедйді ол . Евгения бұл байқауды бірлік пен тілге деген сүйіспеншіліктің айғағы деп бағалайды.
Сонымен қатар, бұл байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және оны насихаттауға зор үлес қосты. Сайыс соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, сыйлықтар үлестірілді.
