Шымкент қаласында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен Дүниежүзілік жастар күніне орай «Білімді жастар – келешек кепілі» атты кездесу кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – жас буынның шығармашылық әлеуетін арттыру, білім мен ізденіске деген ынтасын қолдау.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппаркулованың айтуынша, бұл іс-шара жас оқырмандар мен өсіп келе жатқан жас ұрпақтарды түрлі салада жетістікке жеткен мамандармен жүздестіру. Осы арқылы жастардың бойында білімге құштарлықты арттырып, сауатты және дұрыс өмір сүруге, сондай-ақ өмірде өз орнын тауып, жетістікке жетуге деген ұмтылысты қалыптасытру көзделген.
Шымкент қаласындағы «Тәуелсіз Ел» компаниясының директоры Ақарыс Қабылбек осы салада төрт жылдан астам қызмет атқарып келеді.Сонымен қатар, осы уақыт ішінде мыңнан астам адамға баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік жасап, халыққа қызмет етуді басты мақсат етеді. Бүгінгі іс-шарада ол жастарға өнегелі тәрбие берудің маңыздылығын түсіндіріп, өз жетістіктерінің сырын және алға қойған мақсаттарына жету жолындағы өз ойын ортаға салды.
Айта кетейік, кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, жастардың рухани дамуы мен шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында мазмұнды пікірталастар өрбіді.
