«Selena Group» өкілдерімен кездесу
Құрылыс химиясын өндіру саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі — Selena Group Қазақстан нарығында тұрақты әрі берік позицияға ие. Бүгін аталған холдинг өкілдерімен кезекті ресми кездесу өткізілді.
Кездесу аясында «Shymkent Invest – Front Office» өкілдерімен бірге инвесторлар «Жұлдыз» индустриялық аймағына барып, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт жобасына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, өндірісті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді тарту және өндірістік процестерді ұйымдастыру барысы қаралды.
Компания президенті Славомир Майхровски мырзамен бірге зауыттың құрылыс кезеңдері, инженерлік жұмыстардың көлемі, сондай-ақ болашақта өндірісте жұмыс істейтін мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы ретте колледж студенттеріне арналған дәрістер, тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жөнінде келісімдер жасалды. Бұл бастама жаңа зауыт үшін білікті кадр қалыптастыруға, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және жастардың халықаралық тәжірибе алуына жол ашады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Жаңа өндіріс іске қосылған жағдайда жылына 150 мың тоннаға дейін құрғақ құрылыс қоспаларын шығару жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде отандық құрылыс материалдарының үлесін арттырып, құрылыс саласының дамуына оң әсер етеді.
Құрылыс кезеңінде 50-ге жуық уақытша жұмыс орны, ал зауыт толық іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Инвесторларға өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріліп, жобаны табысты жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Аталған жоба Шымкент қаласының өнеркәсіптік дамуына серпін беріп, өңір экономикасының өсуіне елеулі үлес қоспақ.
Шымкент — инвесторлар үшін қолайлы әрі ашық қала!
