Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, өрттен қайтыс болған отбасының жақындарына көңіл айтты. Оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен танысты.
Өңір басшысы Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді.
Жетісай ауданы Алғабас ауылында болған ауыр қайғылы жағдай бәріміздің жанымызға батты. Өрт салдарынан адам шығыны мен зардап шеккендер бар. Бұл – бүкіл облыс үшін орны толмас қасірет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия құрылды. Қазір барлық жауапты органдар оқиғаның нақты себептерін анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу толық және жан-жақты жүргізілетін болады. Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау көрсетеміз. Бұл жағдай біздің толық бақылауымызда. Қандай да бір қосымша шаралар қажет болса, жедел іске асырамыз. Қаза болғандардың жақындары мен отбасына қайғырып көңіл айтамын. Жарақат алған азаматтардың тез сауығып кетуін тілеймін. Біз мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық деңгейде қауіпсіздік шараларын күшейтеміз, деді Нұралхан Көшеров.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
