Бүгін қалалық әкімдік ғимаратында Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың қатысуымен еңбеккерлерді марапаттау іс-шарасы өтті. Сондай-ақ жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары А.Кәрімов, әкімдік қызметкерлері мен агросектор өкілдері қатысты. Министр кәсіби мереке иелерін құттықтап, аграрлық саланың ел экономикасындағы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды.
— Мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ енгізілді. Бұл — еңбеккерлерге деген құрмет пен адал еңбектің шынайы бағасы. Биыл агроөнеркәсіптік кешен үшін жетістіктерге толы жыл болды. Шымкент мегаполис болғанымен, аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді А. Сапаров.
«Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағына «Шымкент құс» ЖШС-нің бас директоры Ә.Досболов ие болды. Сондай-ақ 3 үздік азаматқа елеулі еңбектеріне орай, мемлекеттік наградалар табысталды. Бірқатар агробизнес өкілі Премьер-министрдің, Ауыл шаруашылығы министрінің наградаларымен марапатталды.
Қалада мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазір бұл бағытта маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Келесі пост
