adilettv

АРЫСТАН ЖҮРЕКТІ ТӘШЕНОВ ЕДІ…

Белгілі журналист Абай Балажанның әлеуметтік желідегі жазбасын оқыдым. Өте өзекті мәселелер көтеріліпті. Мемлекет және қоғам қайраткері деген атаудың кім көрінгенің тегіне қосылып жазылатындығын айтыпты. Қазақ үшін ең қауіпті дерттердің бірі — трайбализм мәселесіне де байланысты ойларын айтқан екен. Расында, осы індет қайта өршіп барады. Қазақ үшін таудай тірлік істеген тұлғаларды қолдан төмендету арқылы ұпайларын түгендегісі келеді. Нысанаға алғандардың бірі — қазақтың даңқты ұлы Жұмабек Тәшенов. Бір заманда талан-таражға ұшырағалы тұрған қазақ жерін өзгеге бермеу үшін КСРО көсеміне қарсы шыққан Жұмабек Тәшенов еді. Ерлігін жоққа шығарғысы келген бір санасыз «қазақ жерін беруге шешім шығарған Тәшеновтің өзі еді» дегенді елдің санасына сіңіргісі келеді.
Жұмабек Тәшенов кім? Тағы да еске салайық.
«Әй, Жұмабек-ай. Арыстансың ғой. Жүрегің арыстанның жүрегі ғой. Сенің істегеніңді біз істей алмас едік» деп қазақтың тағы бір ірі ұлы Дінмұхамед Қонаев айтты деген сөз бар.
«Тәшенов деген кім, не істеген?!» деген адамдар табылып жатса қазаққа сіңірген еңбегін тағы да айта кетсек.
Жұмабек Тәшенов 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы.
1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы болған азамат.
Ұлт үшін от пен суға түсуге тайсалмайтын қайсар қазақ 1956 жылдары сталиндік репресия құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы болады.
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің жарқын есімдері осы кезде халыққа қайтарылды.
Айдауда жүрген Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайлов, Хамза Есенжанов және Зейін Шашкин секілді ұлт зиялылары бостандыққа шықты.
Жазушылар одағына тізім жасатып, үйсіз жүрген зиялыларға қала ортасынан пәтер бергізіп, «ұлтшыл» деп үстінен Мәскеуге арыз жазылған да осы Тәшенов еді. Айтатындай, жазатындай бар, сол кездері талантты бес мықтыға «КСРО Халық әртісі» атағын алып берген де осы Тәшенов.
1958 жылдары қазақ ұлтшылдығынан қорыққан өзіміздегі жандайшаптар «Қазақ әдебиеті» газетін жапқысы келеді. Бас газет «Социалистік Қазақстанды» «Казахстанская правданың» қосымшасы ретінде шығарғуға ұсыныс болады.
Бұл шешімге орыс айтса бас шұлғи беретін «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы келіскенге ұқсайды. Сонда ананың намыссыздығына күйіп кеткен Жұмабек Тәшенов «Бұл газетті ашқан сен емес, жабатын да сен емес» деп тоқтатып тастапты.
Жұмабек Тәшеновтің Қазақстан экономикасын көтерудегі таудай еңбегін емес, рухани саладағы ерлігінің бірпарасын ғана айттық.
Ал, ұрпағымен емес, еңбегімен мың жасаған Дінмұхамед Қонаев өзі разы болған, қалың қазақтың жерінің үштен бірін сақтап қалған Тәшеновтың ерлігін айтайық. 1950 жылдары КСРО басшылығына келген Никита Хрущев қолынан келгенді қонышынан басқан кісі. Кеңестер Одағында айтқаны жүріп тұрған басшы Қазақстанның ұлан байтақ жерін көп көріп, тың игеру науқанын бастап жібереді. Қолдан жасалған аштықтан үштен бір халқынан айырылған қазақтың сталиндік репрессия ұлт қаймағын қалқып алып кеткені бар. Ойдан қашқан, қырдан қашқаны бар, түрмеден тың игеру деген желеумен шығарылғаны бар қазақтар өз жерінде отыз пайызға жетпей қансырап қалады. Осыны пайдаланған Хрущев Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты астықты өлке деген желеумен Ресей Федерациясының меншігіне өткізгісі келеді. Ал, мұнайлы Маңғыстауды түркіменге сыйға тартпақ. Мақта өсіру алқабын кеңейту деген мақсатпен Оңтүстіктің бірқатар ауданын Өзбекстанға беруге шешім қабылдайды.
Егер Жұмабек Тәшеновтей арыстандай айбаты қазақ жолына кесе-көлденең тұрмағанда ойының іске асары сөзсіз еді. Кешегі ер бабаларындай қазақтың бір сүйем жерін жатқа ұстатқысы келмеген арыстан Тәшенов одақ басшылығы жер мәселесін жергілікті халықпен санаспай өзі шешетін болса онда Кеңес Одағының Конституциясын, Қазақ КСР Конституциясын жою керектігін айтады. Конституция жойылмайтын болса заң бойынша, бекітілген шекара бойынша барлық жер Қазақстан меншігі. «Егер мұнымен санаспайтын болсаңыз біз бұл мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін көтереміз» дейді. Оның ар жағы Қазақстанның КСРО құрамынан шығуына әкелер еді.

Алпауыт капиталистік мемлекеттердің Қазақстанға қорған болатындығы сөзсіз. Осының бәрін ой елегінен өткізген Хрущев тілін тістеп, Тәшеновті қалайда құртудың жолын іздей бастайды.
Егер Тәшенов мансапқұмар біреу болғанда бүкіл әлем санасқан КСРО басшысына қарсы тұрмас еді. Қызметін сақтап қалар еді. Ондайлар кеше де болған, бүгін де бар.
Кектенген Хрущев Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновті орнынан алады. Қазақстан басшылығы оны Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жібереді. Бұл жерді де қимай зейнетке дейін «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтының Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарған екен.
Қайран ерден қатты қорыққаны, әлде қатты сескенгені, 60 жасқа толған күні зейнетке жібереді.
Тәшеновтің мәселесі мұнымен бітпепті. Әу баста КСРО басшылығы Тәшеновті Оңтүстікке жібергенде рулығы-жершілдігі басым өңір оны жылы қабылдамай қоймас деген ойлары да болған дейді. Бірақ, құшағы ыстық, қазақтың хан, батыр, билерінің дені мәңгілік мекенін тапқан Оңтүстік төбесіне көтеріп, құрмет көрсетіпті. Айтсаң жүрек ауырады. Қасиетсіздері де болыпты.
Асылдың бағасын асыл біледі. Бір оқиға болыпты. Шымкентке Бәукең, Бауыржан Момышұлы келеді. Жік-жапар күту. Кәделі дастархан. Қақ төрде Баукеңе орын қойылған. Жұмабек Тәшеновте шақырылған. Сәл төмендеу отыр.
Баукең орнынан тұрып Жұмакеңе барады да қолтықтап төрге отырғызады. «Ағайындар, ықыластарыңа рахмет. Мен сияқты соғыста атақ алған батыр көп. Ал, мына Жұмакең нағыз батыр. Қазақ жерінің үштен бірі саудаға түскенде КСРО басшыларынан айылын жимай, қорғап қалған, сол үшін үлкен қызметінен кеткен шын батыр Тәшенов» дейді.
Атақты Бауыржан Момышұлы бағасын білген сол Тәшеновті біз біле алдық па, қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз?!
Үлкен империяның иесі Хрущевпен егесіп, еліміздің тұтастығын қорғауда сөзсіз батырлық танытқан, оның өркендеу жолында аянбай еңбек еткен Ташеновтей асыл азаматтарымыз туралы қисынсыз пікірлер айтып, ел ішіне іріткі салып жүрген азаматтардың көздегені не? Мақсаты қандай?
Еліміздің идеологиясы басында тұрған жауаптылар Ташенов туралы түрлі фильмдер түсіріп, көптеген жақсы деректерді айтып та, көрсетіп те жатыр. Сол фильмдер мен деректерде Тәшенов туралы ақиқат, оның өмірі мен еңбегі туралы толық мағлұмат берілген.
Арандатушылар ақиқатты бұрмалап, билікті де елемей отыр ма?
Ұлы Абай біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос деген.
Қазақ халқының тарихында ел үшін еңбек еткен азаматтардың еңбегін бағалап, оларды құрметтеу бүгінгі ұрпақтың парызы. Билік басындағылар осындай азаматтардың өмір жолы мен еңбегін бүгінгі ұрпаққа барынша жеткізіп, насихаттап келеді. Тек соны дұрыс түсініп, ұлттық тарихымызға мемлекеттік мүдде биігінен қарай білу қажет.
«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деп өткен тау тұлғалы Тәшенов – алаштың асыл тұлғаларымен қатар аталатын тұлға, мемлекетшілдіктің нағыз үлгісі!

Бәйкен ӘШІРБАЕВ,
Қалалық мәслихаттың депутаты

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ — АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ АРАЙЛЫ МЕРЕКЕСІ

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ӘЙЕЛДЕР БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

AdiletTV

Гори всё синим пламенем: чья халатность погубила 14 жизней

Пікір қалдырыңыз