Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының сегізінші шақырылымының отызыншы сессиясында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Олардың қатарында қала әкімдігі құрамының өзгеруі, арнайы салық режимі негізіндегі табыс салығының мөлшерлемесін төмендету, қаланың кейбір бөлігіне атау беру мен қайта атау, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерді жалға алу ақысының мөлшерін белгілеу мәселелері болды.
Сессия жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, әкімдік қызметкерлері мен басқарма басшылары қатысты. Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов отырысты ашып, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды.
Сессия барысында салалық басқармалардың басшылары сөз алып, қаралып жатқан мәселелер бойынша ақпарат баяндады, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Қабылданған шешімдерді жүзеге асыру бойынша алда атқарылар шаралар да белгіленді.
Сессияның соңында қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қаралған мәселелердің мегаполистің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, депутаттарға тындырымды талқылау мен ұсынылған бастамаларды қолдағаны үшін алғыс айтты.
