Бүгін Шымкент қаласында қала әкімдігі мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шара өтті. Оған сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу мәселелерін шешуге бағытталған 100-ден астам меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер қаладағы негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, нарықтағы құбылыстарды бақылау және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Меморандумға қол қойғандар қатарында ірі сауда желілері – «Грамад», «F-Mart», қаладағы азық-түлік базарлары, ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш сияқты негізгі өнім өндірушілер, сондай-ақ көтерме жеткізушілер бар. Бұл тараптардың әрқайсысы әлеуметтік жауапкершілік танытып, нарықтағы тұрақтылыққа өз үлесін қосуға дайын екендігін көрсетті.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтің айтуынша, меморандумдарға қол қою – бір реттік шара емес, әкімдік пен кәсіпкерлік қоғамдастығы жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың жалғасы. «Бизнес жоғары әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп келеді. Бүгін біз тағы да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Біздің ортақ міндетіміз – қала тұрғындарын тұрақты бағамен, ашық нарықпен және негізгі өнімдермен қамтамасыз ету. Мұндай келісімдер нақты әсер беріп, азық-түлік нарығындағы кез келген құбылысты дер кезінде бақылауға және әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді А.Кәрімов.
Меморандум аясында тараптар делдалдық тізбектерді қысқарту, бағаны негізсіз өсірмеу және инфляцияны төмендетуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға келісті. Сонымен қатар, қала әкімдігі күнделікті мониторинг жүргізіп, баға өзгерістерін бақылап, кәсіпкерлермен бірлесіп нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді жалғастыра береді.
Бұл қадам Шымкент қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және тұрақты нарықтық механизмдерді енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Тұрақты ынтымақтастық пен жауапкершілік арқылы қала тұрғындары сапалы өнімдерге қол жеткізіп, бағаның негізсіз өсуінен қорғалатын болады.
