БИЫЛ 1 МИЛЛИОННАН ШАРШЫ МЕТРДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК
Шымкентте қала тұрғындарын баспанамен қамту басты назарда. Шымкент қаласында биыл тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метрден астам жаңа баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл — қала тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Биыл 1 миллион 375 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Оның қазіргі кезде 982 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.
«Дегенмен, халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны 90 мыңнан асты.
Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 523 пәтер сатып алынуда»-деді, қала басшысы Ғ.Сыздықбеков Астана қаласының Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді.
Реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер табысталды.
Құрылыс жұмыстары жаңа шағынаудандарда және ескі кварталдарды жаңарту бағытында қатар жүргізілуде. Пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің басым бөлігін көпқабатты кешендер құрайды. Сонымен бірге жас отбасыларға, әлеуметтік санаттағы азаматтарға және тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арналғын пәтерлер де салынуда.
Инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары да қарқынды. Жаңа ықшамаудандарда жол, су, электр, газ және кәріз желілері толықтай жоспарға сай жүргізілуде. Қала әкімдігі тұрғын үй сапасына ерекше назар аударып, құрылыс компанияларына міндетті талаптар қойып отыр.
Жоспар іске асқан жағдайда, Шымкенттегі тұрғын үй қоры едәуір ұлғайып, тұрғындардың баспанаға қолжетімділігі арта түспек.
