0.3 C
Shymkent
15 декабря, 2025
adilettv

ЖАСЫЛ ШЫМКЕНТ : ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУ ЖӘНЕ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ КЕҢЕЙТУ

Шымкент қаласы мегаполис ретінде қарқынды дамып, тұрғындар үшін қолайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қаланың жасыл желек аумақтарын кеңейту, көгалдандыру көлемін арттыру және заманауи экологиялық шешімдерді енгізу – қала дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта 2025 жылы қала аумағында ауқымды көгалдандыру және абаттандыру жобалары іске асырылуда.
Ағымдағы жылы Шымкент қаласының 25 көшесінде жалпы көлемі 500 мың шаршы метрді құрайтын газон төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстармен қатар, жасыл желектерді тиімді күтіп-ұстау үшін заманауи автоматтандырылған суару жүйелері орнатылып, су ресурстарын үнемдеу шаралары қолға алынуда. Сонымен бірге, көгалдандырудың үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында 33 су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары атқарылуда.
Қаланы көгалдандыру аясында 2025 жылы 14 500 түп бұта және 152 мың түп ағаш отырғызылды. Аталған жұмыстар Бозарық, Шымсити, Асар, Тұран шағын аудандары мен қаланың негізгі магистралды көшелерін қамтып, жасыл белдеулерді қалыптастыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде қала экологиясын жақсартып, ауа сапасын арттыруға және тұрғындар үшін жайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы 2026 жылға арналған жоспарлар да ауқымды. Келесі жылы 32 көшеде бұта отырғызу, 6 жаңа көшені толық көгалдандыру және қосымша 4 мың түп ағаш егу көзделіп отыр. Сонымен қатар, қала орталығында және халық көп шоғырланған аймақтарда тік көгалдандыру жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл тәсіл урбанистік кеңістікті тиімді пайдаланып, жасыл аумақтардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының Абай ауданында бұрынғы қоқыс полигоны орналасқан аумақта «Экопарк» салу жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындар үшін жаңа демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі таңда демеушілердің қолдауымен 5 000 түп ағаш отырғызылып, 13 гектар аумаққа автоматтандырылған суару жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, саябақ аумағында 1 800 түп жеміс ағашы мен сәндік өсімдіктер отырғызу жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қаланы көріктендіру және жасыл инфрақұрылымды дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 6 жаңа гүлзар салынды. Сонымен қатар, қалалық жылыжай шаруашылықтарында 2026 жылға арналған гүл қорын алдын ала өсіру жұмыстары басталды. Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес 1,6 миллион дана көпжылдық гүл мен 1,6 миллион дана қызғалдақ отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы алғанда, атқарылып жатқан көгалдандыру және экологиялық жобалар Шымкент қаласының жасыл әлеуетін арттырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. «Жасыл Шымкент» бастамасы қаланы экологиялық тұрғыдан тұрақты, көрікті әрі жайлы мегаполис ретінде дамытуға негіз болмақ.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

AdiletTV

Кәсіпкерлерге сертификат алу туралы түсіндірілді

AdiletTV

Жыл басынан бері қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі елеулі өсім көрсетуде

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз