adilettv

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСІМІ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары тұрақты және қарқынды сипат алып келеді. Қала экономикасының негізгі салаларында жүйелі өсім қамтамасыз етіліп, өндіріс көлемінің ұлғаюы, инвестиция тарту деңгейінің артуы, құрылыс қарқынының жеделдеуі және қызмет көрсету саласының дамуы айқын байқалуда. Бұл көрсеткіштер Шымкент қаласының ел экономикасындағы маңызын арттырып, республикалық деңгейде алдыңғы қатардан көрінуіне мүмкіндік беріп отыр.

Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 2 237,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайыздық өсімді көрсетеді. Аталған көрсеткіш республикалық орташа өсім деңгейінен (106,3%) жоғары болып қалыптасты. Сонымен қатар, республика бойынша жалпы өңірлік өнім көлемінің құрылымында Шымкент қаласының үлесі 3,6 пайызды құрап, мегаполистің ел экономикасына қосып отырған нақты үлесін айқындайды.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде оң динамика тіркелді. Нақтырақ айтқанда, сауда көлемі 24,6 пайызға өсіп, ішкі нарықтағы тұтынушылық белсенділіктің артқанын көрсетті. Байланыс қызметтері 18,3 пайызға ұлғайып, цифрландыру мен ақпараттық технологиялардың дамуына серпін берді. Өнеркәсіп өндірісі 14,7 пайызға өсіп, қала экономикасының өндірістік әлеуеті нығая түсті.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының көлемі 7 пайызға артып, қала аумағында жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуы қарқын алды. Ағымдағы кезеңде 982,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындардың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Инвестициялар көлемі де 4,7 пайызға өсіп, қала экономикасының инвестициялық тартымдылығының артқанын көрсетті.

Жоғарыда аталған көрсеткіштердің жиынтығы нәтижесінде Шымкент қаласы экономикасының өсімі 14,8 пайызды құрап, республика бойынша ең жоғары нәтижелердің біріне қол жеткізді. Бұл көрсеткіш Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімділігін, жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың нәтижелілігін және алдағы жылдары да тұрақты өсім сақталатынын айғақтайды.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

AdiletTV

ЭКОНОМИЧЕСКИЙ РОСТ ГОРОДА ШЫМКЕНТА — В ЧИСЛЕ ЛИДЕРОВ ПО РЕСПУБЛИКЕ

AdiletTV

Атом электр станциясын салу – ұзақ мерзімді жоба!

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз