ШЫМКЕНТ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА. Шымкент қаласында индустриялық аймақтар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырудың, инвестиция тартудың және экономиканы әртараптандырудың негізгі құралдарының біріне айналып отыр. Қала аумағында орналасқан индустриялық аймақтарда жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту, импортты алмастыру, экспорттық әлеуетті ұлғайту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл аймақтар заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Бүгінде Шымкент қаласында жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Аталған аймақтарда жалпы инвестиция көлемі 716,9 млрд теңгені құрайтын 445 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 337 млрд теңгеге тең 318 жоба толық іске қосылып, нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер қаланың өнеркәсіптік даму қарқынының жоғары екенін көрсетеді.
Индустриялық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі жаңа технологияларға негізделген. Солардың ішінде биылғы жылғы ірі әрі маңызды жобалардың бірі – орталық Азияда баламасы жоқ «QazAlpack» компаниясының алюминий банкілерін өндіру жобасы. Өнімге ішкі және сыртқы нарықта сұраныстың артуына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңі іске қосылды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 2,2 млрд дана алюминий банкісін шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 112 тұрақты жұмыс орны құрылып, экспорт көлемін ұлғайтуға зор үлес қосуда.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласындағы индустриялық аймақтарда іске асырылып жатқан жаңа технологиялық жобалар өңір экономикасының тұрақты өсуіне, өндірістік мәдениеттің қалыптасуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде.
