Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын жаңғырту және медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын дәлелі – жаңа туған нәрестелерге көрсетіліп жатқан жоғары технологиялы медициналық көмек пен қалалық ірі медициналық мекемелердің жаңартылуы.
2025 жылғы 6 желтоқсанда Қалалық перзентханада дүниеге келген ұл балаға сирек кездесетін туа біткен ақау – сарыуыз өзегінің толық жабылмауы (толық жыланкөз) диагнозы қойылды. Бұл патология кезінде ішек пен кіндік арасындағы өзек өздігінен жабылмайтындықтан, міндетті түрде хирургиялық емді талап етеді. Нәресте өмірінің бесінші тәулігінде оған сарыуыз өзегінің толық жыланкөзін кесіп алып тастау операциясы жасалып, ота сәтті өтті.
Операциядан кейін баланың жағдайы ерте отадан кейінгі кезеңге байланысты ауыр деп бағаланып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Бірнеше күннен соң жағдайы жақсарған сәбиді дәрігерлер анасының жанына палатаға шығарды. Қазіргі таңда нәресте дәрігерлердің тәулік бойғы бақылауында, емдеу шаралары жалғасуда.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және балалар ауруханасы базасында жаңа туған нәрестелерге неонаталды хирургиялық оталар жасалады. Осы уақытқа дейін дәрігерлер 200-ге жуық сәбиге күрделі ота жасап, олардың өмірін сақтап қалды.
Сонымен қатар, қаладағы медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соның бірі – Металлистов көшесі, №1Б мекенжайында орналасқан №1 қалалық клиникалық аурухана ғимаратының күрделі жөндеуі. 1971 жылы салынған аурухана ғимараты 2023 жылғы 6 маусымда күрделі жөндеуге жабылып, жаңғырту жұмыстарын «АртҚұрылыс» ЖШС жүзеге асырды.
Жалпы ауданы 26 674 шаршы метрді құрайтын, 530 төсек-орынға арналған бұл аурухана – қала тұрғындарына жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін негізгі мекемелердің бірі. Жобаның жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрап, бұл қаржы ғимараттың сыртқы қасбетінен бастап, ішкі инженерлік желілеріне дейін толық жаңартуға бағытталды. Жөндеу барысында жылу, су, электрмен жабдықтау, желдету жүйелері заманауи талаптарға сай жаңартылды.
Күрделі жөндеу нәтижесінде аурухана пациенттерге қауіпсіз әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге толық дайын. Жаңарған медициналық нысандар мен жоғары білікті дәрігерлердің үйлесімді жұмысы Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Келесі пост
