Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы инженерлік желілердің жағдайына тікелей байланысты. Осы себепті Шымкентте соңғы жылдары табиғи газбен қамту, жылу жүйесінің сенімділігін арттыру және кәріз инфрақұрылымын кеңейту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар қаланың қазіргі қажеттілігін ғана емес, болашақтағы өсімін де қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен толық қамтылған. 20 елді мекенде газ жүйесі жекеменшік аумақтарда жартылай жүргізілген болса, Айкөл елді мекені әзірге газбен қамтылмаған. 2024 жылы Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе және «Тәуелсіздікке – 20 жыл» елді мекендерінде газ желілерінің құрылысы аяқталып, 90 мыңнан астам тұрғынға табиғи газға қосылу мүмкіндігі туды. Нәтижесінде қаладағы газбен қамту деңгейі 97 пайызға жетті.
Қазіргі таңда 10 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе және Тұран елді мекендерінде абоненттеу жұмыстары аяқталып, 22 мыңнан астам адам газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Тассай елді мекеніндегі газ жобасы биыл толық аяқталып, 15 900 тұрғынды қамтитын 3 345 абонент кезең-кезеңімен газға қосылуда.
Инженерлік желілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылы қалада газ құбырларын тексеруге арналған заманауи «Пергам» типті жылжымалы қондырғы сатып алынды. Оның көмегімен 107 шақырымнан астам газ құбырына диагностика жүргізіліп, 45 ақау анықталды. Барлық кемшіліктер жойылып, газ инфрақұрылымының сенімділігі артты. Алдағы уақытта газ қуаттылығын 1,4 млн текше метрге арттыратын үш жаңа газ тарату станциясы мен айналма магистралды газ құбырының құрылысы жоспарлануда.
Жылумен қамтамасыз ету саласында да заманауи шешімдер енгізілуде. Қалада алғаш рет құбырішілік диагностика технологиясы пилоттық жоба ретінде қолданылып, магистралды жеті көшеде 1 263 метр жылу құбыры тексерілді.Тексеру нәтижесінде желілердің техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп бағаланып, тәуекелі жоғары учаскелер бойынша нақты ұсынымдар берілді. Бұл тәсіл апат қаупін азайтып, жөндеу шығындарын 20–75 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Кәріз жүйесін дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала береді. Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 26-сы ғана су бұру жүйесімен қамтылған. 2024 жылы Нұртас пен Қайтпас-1 елді мекендерінде ішкі орамдық кәріз желілерінің құрылысы аяқталып, 27 мыңға жуық тұрғынға қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек, құны 11 млрд теңгені құрайтын ірі кәріз коллекторы іске қосылып, Тұран, Бозарық, Шымсити, Асар-2, Ақжайық және Достық аумақтарын қамтыды.
Алдағы кезеңде қала аумағының ұлғаюын ескере отырып, қуаттылығы 410 мың текше метр болатын жаңа кәріз қондырғысын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар Шымкенттің инженерлік инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.
