Шымкент қаласы туристік бағыттағы белсенділігімен және халықаралық аренадағы ашық саясаты¬мен ерекшеленіп отыр. Қалада өткізілетін мазмұнды фестивальдер, заманауи маркетингтік жобалар мен шетелдік әріптестермен орнатылған тығыз байланыстар Шымкентті өңірлік қана емес, халықаралық деңгейде де танымал туристік орталыққа айналдыруға негіз қалап келеді.
Жыл басынан бері қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірқатар ауқымды фестивальдер ұйымдастырылды. Наурыз айында дәстүрге айналған «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі өтіп, 50-ден астам мейрамхана ұлттық және заманауи ас мәзірін көпшілік назарына ұсынды. Бұл шара Шымкенттің гастрономиялық әлеуетін кеңінен танытып, қаланың дәмді брендіне айналды.
Мамыр айында Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға жеткізу мақсатында кезекті «Blog tour» ұйымдастырылды. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Үндістан және басқа да елдерден келген 30-ға жуық танымал тревел-блогер қаладағы туристік нысандармен танысып, Шымкент туралы мазмұнды контент дайындады. Ал маусым айында қала күніне орай өткен ауқымды «Drone show» мерекелік атмосфераны күшейтіп, 50 мыңға жуық көрерменнің басын қосты.
Жаз мезгілінде өткен «Street Food Fest» көше тағамдары фестивалі де қала өміріне серпін берді. «Арбат» алаңында өткен бұл шарада аспаздық шеберлік сағаттары, концерттер мен қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Шымкенттің заманауи әрі креативті қалалық мәдениеті айқын көрініс тапты. Ал қазан айында Республика күніне орай өткен «Батпырауықтар фестивалі» қала аспанын мыңдаған түрлі-түсті батпырауықпен көмкеріп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Маркетингтік ілгерілету жұмыстары шетелдік нарықта да белсенді жүргізілді. Мюнхен, Будапешт және Сиань қалаларында Шымкентті таныстыру іс-шаралары өткізіліп, жаңа әуе рейстерінің ашылуы халықаралық туроператорлар мен агенттіктердің қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар, Корея, Мажарстан және Германия туроператорларына арналған «FAM TOUR» аясында бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Туризммен қатар, Шымкенттің халықаралық байланыстары да айтарлықтай нығайды. Жыл басынан бері 32 дипломатиялық кездесу ұйымдастырылып, Франция, Еуропалық одақ елдері, Қытай, Қырғызстан және Болгариямен өзара әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Парижде өткен «Шымкент күндері», Еуропа елшілерінің қалаға сапары, Қытай және қырғыз бизнес делегацияларымен кездесулер – соның айқын дәлелі. Жыл соңында Шымкентте Франция Республикасының құрметті консулдығының ашылуы қаланың халықаралық беделін одан әрі арттырды.
Осылайша, 2025 жылы Шымкент қаласы туристік іс-шаралар мен маркетингті, мәдени фестивальдер мен халықаралық дипломатияны үйлестіре отырып, өзін Орталық Азиядағы маңызды туристік әрі іскерлік орталық ретінде сенімді түрде таныта білді.
