adilettv

ҚАЛАДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ДЕҢГЕЙІ 99,5 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Қала аумағында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, бұл салада айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Қазіргі таңда қалаға қарасты 81 елді мекеннің 80-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне толықтай қосылған. Ал қалған 1 елді мекенде су құбыры желілерін тарту жұмыстары толық аяқталып, бүгінде аумақты абаттандыру және қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады.

Жүргізілген инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесінде мегаполис бойынша ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайыздан 99,5 пайызға дейін артты. Бұл көрсеткіш тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы қала аумағындағы 4 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Бұл жобалар заманауи талаптарға сай жүзеге асырылып, су құбырларының сапасы мен сенімділігін арттыруға баса назар аударылуда. Жобалардың толық іске асырылуы тұрғындарды таза әрі қауіпсіз ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, биылғы жылы 14 шақырым су құбыры тартылып, Текесу елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл бастама мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді үлгісі ретінде бағаланып отыр.

Айта кету қажет, қазіргі таңда қала аумағындағы 81 елді мекеннің барлығы толықтай электр энергиясымен қамтылған. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан кешенді шаралар инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ЕГІС ПЕН СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ

ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

AdiletTV

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз