ШЫМКЕНТТЕ Д.ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫН САЛУ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА. Қазіргі таңда Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп, қала аумағында ауқымды жол құрылысы және жөндеу жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың ішінде стратегиялық маңызға ие ірі жобалардың бірі – Дінмұхамед Қонаев даңғылының жалғасын салу. Бұл жоба қаланың көлік жүйесін жетілдіруге, көлік қозғалысын жеңілдетуге және қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Жобаға сәйкес, Д.Қонаев даңғылы қаланың оңтүстік бөлігіне қарай 16,3 шақырымға ұзартылып, жаңа айналма жолға дейін жалғанады. Даңғылдың жалғасын салу қаланың ішкі және сыртқы көлік ағындарын тиімді ұйымдастыруға, көлік кептелісін азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба жаңа тұрғын алаптары мен өндірістік аймақтарға қатынасты жақсартуға ықпал етеді.
Құрылыс жұмыстары 6 кезең бойынша жоспарланған. Бүгінгі таңда жобаның 1, 2, 3, 4 және 6-кезеңдері толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2-кезеңі жуырда ғана іске қосылды. Бұл кезеңдердің пайдалануға берілуі көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы жағдай туғызды. Ал, 5-кезеңінің құрылысын 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Д.Қонаев даңғылының үшінші кезеңі Терешкова көшесінен Бөгет көшесіне дейінгі 560 метр аралықты қамтиды. Бұл учаскеде ені 42 метр болатын, 6 жолақты заманауи автожол салынды. Бесінші кезең Бадам өзенінен әскери бөлім тұсына дейінгі 4,7 шақырым аумақты қамтып, жол ені 42 метр, 6 жолақтан тұрады. Ал, кеңейтілген алтыншы кезең әскери бөлімнен РК-132 учаскесіне дейін созылып, жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайды.
Жалпы, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасы Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастама болып табылады. Бұл жолдың іске қосылуы тұрғындардың жүріп-тұру уақытын қысқартып, қаладағы көлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
