Шымкент қаласында көлік саласын жүйелі жаңғырту бағытында 2024–2025 жылдары бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Жолдардың сапасын сақтау, қоғамдық көлікті жаңарту және әуе қатынасының әлеуетін арттыру – атқарылған жұмыстардың негізгі өзегіне айналды.
Қала арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің көбеюі жол жамылғысының тез тозуына әсер ететіні белгілі. Осыған байланысты қалаға кіреберістегі үш негізгі бағытта артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын өлшеу станциялары іске қосылды. Бұл жүйе жолдардың сақталуына және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы жылы мұндай станцияларды тағы алты бағытта орнату жоспарланып отыр.
Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер байқалады. Қалада бүгінгі таңда 83 тұрақты маршрутта күн сайын 988 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олардың 79-ы әлеуметтік маңызы бар бағыттар саналады. Жалпы автопарк 1 150 автобусқа жеткен. Жолаушылар ағыны да айтарлықтай өсті: 2024 жылы 79,9 млн адам тасымалданса, 2025 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 86 млн адамға жетіп, 7,6 пайызға артты. Сонымен қатар, автобус паркін жаңарту қарқыны күшейіп, өткен жылы 19 жаңа автобус алынған болса, биыл 88 автобус сатып алынды. Экологиялық таза көлікті дамыту мақсатында «Shymkent Bus» автопаркінде үшінші газ-метан станциясы іске қосылды.
Әуе көлігі саласында Шымкент халықаралық әуежайы жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке инвестор – «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен салынған жаңа жолаушылар терминалы 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Жаңа терминалдың іске қосылуымен әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыдан 2 000 жолаушыға дейін артты. Бұл жылына 10–12 млн жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жолаушылар ағынының өсуі де айқын байқалады: 2024 жылдың 11 айында 1,1 млн жолаушыға қызмет көрсетілсе, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,9 млн-ға жетіп, 75 пайызға артты. Сонымен қатар, жүк тасымалы көлемі де өсіп, 1,5 мың тоннадан 1,7 мың тоннаға дейін жетті. Қазіргі таңда Шымкент әуежайы 7 әуе компаниясымен жұмыс істеп, 18 халықаралық және 12 ішкі әуе бағытына қызмет көрсетуде. Осылайша, әуежай Қазақстандағы үшінші ірі әуе айлағы мәртебесін нығайта түсті.
Бұдан бөлек, Шымкент әуежайын халықаралық деңгейдегі мультимодальды хабқа айналдыру мақсатында жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы басталды. Ұзындығы 3 300 метр болатын бұл жолақ ІСАО-ның 3-санаттағы халықаралық стандартына сай салынып, әуе кемелерін шектеусіз қабылдауға және қаланың транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға жол ашады.
