adilettv

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА КӨШЕЛЕРІ ТОЛЫҚ ЖАРЫҚТАНДЫРУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласында тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде түнгі уақытта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қала инфрақұрылымын жақсартуда көшелерді жарықтандыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Жарықтандырылған көшелер – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, қылмыс деңгейін төмендетуге және тұрғындардың түнгі уақытта өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді.

2023 жылға дейін қала аумағындағы 6 714 көшенің жыл сайын орта есеппен 115 көшесі ғана жарықтандырылып келген. Соның нәтижесінде сол кезеңде жарықтандырумен қамтылған көшелердің үлесі шамамен 30 пайызды құрап, барлығы 2 028 көше ғана жарықтандырылған болатын. Бұл көрсеткіш қаланың қарқынды дамуы мен халық санының өсуін ескергенде жеткіліксіз еді.

Соңғы екі жылда Шымкент қаласында көшелерді жарықтандыру бағытындағы жұмыстар айтарлықтай жанданды. Аталған саладағы іс-шаралар бұрынғы жылдармен салыстырғанда 40 есеге дейін арттырылды. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде 4 686 көше жарықтандырылып, қаланың көптеген тұрғын алаптары мен жаңа шағынаудандар толық қамтылды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы барлық көшелер 100 пайыз жарықтандырумен қамтылады. Бұл көрсеткіш мегаполистің инфрақұрылымдық дамуы жолындағы маңызды жетістіктердің бірі болып саналады.

Жарықтандыру жұмыстары барысында заманауи, энергия үнемдейтін шамдар қолданылып, олардың қызмет көрсету мерзімі мен тиімділігіне басымдық берілуде. Сонымен қатар, жарық беру сапасын арттыру арқылы электр энергиясын үнемдеу және қала бюджетінің шығындарын оңтайландыру көзделген.

Аталған шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, түнгі уақытта да қалада тыныш әрі жайлы атмосфера қалыптастыруға мүмкіндік береді. Көшелердің толық жарықтандырылуы Шымкенттің заманауи әрі қауіпсіз мегаполис ретінде дамуына серпін бермек.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Шымкент қаласы: құмар ойындарының зияны және отбасы құндылықтарын дәріптеу

AdiletTV

35 млн теңгеден астам ақша ұрлаған: Астанада бес балабақша меңгерушісі сотталды

AdiletTV

ҚАРАТАУ: АУДАНДА ЖАҢА ГҮЛЗАР АШЫЛДЫ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз