ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ШУАҒЫН СЫЙЛАДЫ.Жаңа жыл қарсаңында Шымкент жастар театры аутизммен ауыратын және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жүрекке жылу сыйлайтын қайырымдылық ертеңгілік өткізді. Мерекелік кешке Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Қамқорлық» оңалту орталығында тәрбиеленіп жатқан 100-ге жуық бала арнайы шақырылып, театр төрінде ұмытылмас әсерге бөленді.
Іс-шара Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Кештің негізгі мақсаты – ерекше балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау ғана емес, олардың жүрегіне үміт ұялату, қоғамның қамқорлығы мен мейірімін сезіндіру.
Ертеңгілік барысында Шымкент жастар театрының шығармашылық ұжымы дайындаған «Ұрланған жаңа жыл» атты музыкалық ертегі қойылымы сахналанды. Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ балалардың сүйікті кейіпкерлері – Чики, Чача, Бумбум, Ляля, Уэнсдей, Соник, Гринч сынды образдар кішкентай көрермендерді ертегі әлеміне жетеледі.
Интерактивті форматта өткен бағдарламада балалар ойын ойнап, би билеп, ән айтып, шынайы қуанышқа бөленді. Қойылым олардың қиялын қанаттандырып, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал етті. Кеш соңында әр бала Аяз атадан жаңа жылдық сыйлық алып, жүздеріне шаттық ұялаған күйде тарқасты.
Шымкент жастар театрының директоры Расул Медетов іс-шара барысында:
«Ерекше балаларға қуаныш сыйлау – біздің жүрек қалауымыз әрі азаматтық міндетіміз. Театр – өнер ғана емес, ол мейірім мен үміттің, сенім мен жылулықтың ордасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында инклюзивті қоғам қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді. Осы бағытта Шымкент қаласы әкімдігінің басшылығы тарапынан көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдау үшін зор алғыс білдіреміз. Бірліктің арқасында осындай игі істер жүзеге асып отыр», – деді.
Қуаныш пен күлкіге толы бұл кеш балалардың жүрегінде ұзақ сақталары анық. Мұндай шаралар ерекше балалардың қоғамда өзін еркін сезінуіне, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және олардың мүмкіндіктеріне сенім арттыруға жол ашады.
Шымкент жастар театры алдағы уақытта да қайырымдылық пен рухани құндылықтарды басты бағыт етіп, өнер арқылы қоғамға үміт пен мейірім сыйлауды жалғастыра береді.
