Оқиға Түркістан облысы Сарыағаш ауданында болған. Белгісіз біреулер колледж студентін көше бойынан ұрлап әкеткен.
Жәбірленушінің айтуынша, төрт ер адам оны көлікке күштеп отырғызып, телефонын алып қойған. Ол бірнеше рет кәмелет жасына толмағанын айтып, ата-анасымен сөйлескісі келетінін айтқан. Алайда оның үніне ешкім құлақ аспай, көліктен күштеп түсіріп, үйге сүйреп апарған.
«17 жастамын, Шымкентте тұрамын, студентпін, көп балалы отбасынанмын. Мені бұрын-соңды көрмеген ер адам ұрлап әкетті. Жолда белгісіз біреулер көлікке күштеп салып, алып кетті. Олар мені өздеріне келін етпек болды. Біз көлікпен келгенде, ересектер мен туыстары күтіп тұрды. Аулада отшашулар атылып, жағдайды телефондарына түсіріп тұрды», — дейді қыз.
Үй ішіне кірген соң үлкен кісілер қыздың телефонын алып қойған. Сосын ерікті түрде келгенін растайтын арызға қол қоюын талап еткен. Қыз бас тартқан кезде, оған қысым көрсетіп, қорқытқан. Онымен қоймай ер адам қызды зорлаған. Кейін қан жұққан ақ жайманы туыстарына көрсетіп, сүйінші сұраған. Қыздың жағдайына алаңдайтын ешкім болмаған. Уақыт өте келе қыз қашып шығып, үйіне келген.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іске қатысыт барлар полиция бөліміне жеткізіліпті. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр екен.
