7.3 C
Shymkent
17 февраля, 2026
adilettv

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА МАГИСТРАЛЬДЫ КАНАЛДАР 40 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЛҒАШ РЕТ ТАЗАРТЫЛА БАСТАДЫ

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай ауданындағы магистральды каналдарды тазалау жұмыстарының барысы мен нәтижелері туралы есепті тыңдады.

«Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы ұзақ жылдардан бері алғаш рет К-21 және К-34 магистральды каналдарында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда К-25 каналында жұмыстар жалғасып жатыр.

Аудандағы ең ірі каналдардың бірі саналатын К-21 каналы үш ауылдық округтегі 20 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде арнайы техниканың көмегімен каналдың барлық 22,8 шақырымы толық тазартылды. Бұл нысанда мұндай ауқымды жұмыстар соңғы 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жүргізіліп отыр.

Ұзындығы 18,5 шақырым болатын К-34 каналында төменгі бөліктегі 7,5 шақырым учаскені тазалау жоспарланған. Вегетация кезеңінде бұл бөлікте суды жеткізуде қиындықтар туындайтын. Енді оны тазалау жұмыстары толық көлемде аяқталды.

Ал ұзындығы 28,2 шақырымды құрайтын К-25 каналы Жетісай ауданындағы үш ауылдық округтің 13 мың гектар жерін суармалы сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұнда 10 шақырым учаскеде механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға бес арнайы техника тартылған. Бүгінге дейін 4 шақырым канал тазартылды.

«Министрлік «Қазсушар» филиалдарын жаңа әрі заманауи арнайы техникамен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бүгінде шамамен 600 техника жеткізілді. Жоспарланған барлық жобаны сапалы іске асыру үшін барлық жағдай жасалған. Каналдарды тазалау жұмыстары вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқталуы тиіс, бұл шаруаларды сумен уақытылы әрі сапалы қамтамасыз ету үшін қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстар үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне және «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалына алғыстарын білдіріп жатыр.

«Былтыр К-34 каналында лайлану мен өсімдіктердің көбеюіне байланысты су жеткізуде қиындықтар болған еді. Қазір жүргізілген жұмыстардың арқасында канал толық тазартылды. Биыл шаруалар су мәселесімен бетпе-бет келмейді деп үміттенеміз. Техника болмағандықтан, мұндай ауқымды тазалау жұмыстары көптен бері жүргізілмеген еді. Министрліктің жұмысының арқасында енді мұндай мүмкіндік пайда болды», – дейді Жетісай ауданындағы Теміржол ауылының тұрғыны Сахтіллә Теміралиев.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

2026 ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР АЙЫНАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ КҮШІНЕ ЕНЕДІ.

AdiletTV

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ»

AdiletTV

ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕДІ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз