Қазақстан Республикасында Нипах вирусын жұқтыру немесе оны ел аумағына әкелу деректері тіркелген жоқ. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Сонымен қатар профилактика мақсатында және Үндістандағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Әсіресе Үндістаннан және Нипах вирусы тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген жолаушыларға ерекше назар аударылып отыр.
