2025 жылы Шымкент қаласында ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға маңызды қадам жасалды. Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беру нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші тарихи жоғары деңгейге жетті.
Бүгінде қала аумағындағы 81 елді мекеннің 80-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған Құрсай елді мекенінде (23 мыңға жуық тұрғын) су құбыры толық тартылып, қазіргі таңда абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жобаның аяқталуымен қала толық дерлік сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Ауыз сумен қамту деңгейі – 99,9 пайызға жету жолында.
2024 жылы Сайрам, Бозарық және Қайтпас-1 елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, 27 мыңға жуық тұрғынға орталықтандырылған суға қолжетімділік берілді. Нәтижесінде ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайыздан 99,5 пайызға дейін өсті.
2025 жылы 4 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) елді мекендерінде жаңа құрылыс аумақтарын ауыз су жүйелеріне қосу (абоненттеу) жұмыстары аяқталу сатысында тұр.
Өткен жылы демеушілердің қолдауымен 14 шақырым су құбыры тартылып, Текесу елді мекені толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.
Сондай-ақ, демеушілер есебінен Айкөл елді мекенінде 18 шақырым су жүйесі салынып, 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Аталған жобалар әлеуметтік жауапкершілікті жоғары деңгейде сезінген бірқатар мердігер мекемелердің демеушілік көмегімен жүзеге асырылды, ал құрылыс жұмыстары «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан атқарылды.
Жыл қорытындысы бойынша 11 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, қала бойынша қамту көрсеткіші 99,9 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл – Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды жетістігі.
АЛДЫҢҒЫ ПОСТ
