Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлім етті.
Биылғы жылдың алғашқы баспасөз мәслихатында спикер Шымкент қаласына қатысты бірқатар тың жаңа жобалардың жұмысын баяндады.
–Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы 2026 жылды елімізде цифрландыру жылы деп жариялады. Осыған орай Шымкент қаласында білім саласындағы жемқорлықты жою, мемлекет қаржысының тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында QARQYN бағдарламасын іске қостық. Бұл қаладағы білім беру ұйымдарының қызметін толықтай цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Сала жұмысын жақсартуда ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін де бұл көп көмегін беретін жоба,- деді Сәрсен Абайұлы.
Жаңа жүйе мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын, сондай-ақ, инклюзия, кадр, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымын толық қамтиды. Kundelik, 1С, Balabaqsha, Qosymsha, Pana, Smartnation, Sana тарификациялық базасы сияқты негізгі ақпараттық платформалармен біріктірілген және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.
Қазіргі таңда Шыкентте педагогтерді жұмысқа қабылдауда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, жемқорлық тәуекелдерін азайту және кадрларды кәсіби деңгейіне сай іріктеу мақсатында орталықтандырылған конкурстық жүйе енгізілген.
Баспасөз мәслихатында айтылған тағы бір мәселе білім беру ұйымдарына қажетті мамандар үшінгі бос жұмыс орындарының жайы болды. Педаог мамандарды даярлайтын бірнеше жоғары оқу орыны бар Шымкентте сала мамандарына деген сұраныс әлі де жоғары.
Мысалы Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты ұйымдарда бүгінгі таңда барлығы 2063 бос орын бар екен. Педагогикалық лауазымдар бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарына – 1165, техникалық және кәсіптік білім беруде – 170, арнайы және қосымша білім беру ұйымдарында – 155, орталықтарға – 35 және 543 кіші қызметкер қажет.
Сәрен Абайұлы осы олқылықтардың орнын толтыр үшін қаңтардың 29-30 қаңтар күндері «Көрме» орталығында сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін хабарлады. Іс-шарада педагог мәртебесі бар мамандарға конкурс бойынша, құжаттарды рәсімдеу және оларды электронды платформаға жүктеу тәртібі жөнінде кеңес берілмек.
Саланың жұмысын жақсарту, білім беру ісінде сапаны арттыр үшін 200-ге жуық тәжірибелі педагог пен ардагер ұстаздың да кеңесіне құлақ асатын арнайы комиссия құралғанын айта кеткен жөн. Мектептерге маманды осы комисси мүшелері таңдайтын болады.
Жылдың басты жаңалығы – бұдан былай үздік шәкірт тәрибелеу ісінде еңбегі елеулі, барлық талаптарға сай келетін үлгілі 100 ұстазға Шымкент қаласының әкімінің атынан ай сайын арнайы өтемақы – грант берілетін болады. Гранттар мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибесін жетілдіруге және білім сапасын көтеруге бағытталады. Бұл мектептерде білім беру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және саланы заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында қолға алынған жоба. Сонымен бірге 2027 жылға дейін «Сапалы білім» жобасы жүзеге аспақ. Бұл бастама ұстаз еңбегін бағалау, педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау және қаладағы білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге жасалған маңызды қадам болмақ.
Брифингте мектеп мұғалімдерінің жүктемесі (сағат ставкасы), соған сәйкес төленетін айлық жалақысы да сөз болды. «Бәрі де заң аясында, заң талаптарына сай жүзеге асырылуда» деген Сәрсен Абайұлы қаладағы әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Жұмыспен қамту, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың деңгейі туралы да айтып өтті.
Баспасөз мәслихаты соңында масс-медиа өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
