Шымкент қаласының полиция департаментінің қызметкерлері мүдделі мемлекеттік және жергілікті аумақтық органдармен бірлесе отырып, нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы бағытта елеулі жұмыстар атқаруда.
Сондай-ақ, оның алдын алу бағытына ерекше көңіл бөліп, қоғамдағы жастар мен жасөспірімдерді, оқушылар мен студенттерді одан аулақ болуға шақыру үшін кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Жаңа оқу жылының басталуына орай, полицейлер қала мектептерінде оқушылармен кездесулер өткізіп, есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік дәрістер, тәрбие сағаттарын өткізуде. Осы мақсаттағы жұмыстарда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізуде.
Оқушыларға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың денсаулыққа қауіптілігі жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болудың маңыздылығын атап көрсетуде. Нашақорлық дегеніміз – адамның есірткіге тәуелділігі. Бұл дерт организмнің тіршілік етуі үзілмей, оны белгілі дәрежеде ұстап тұрып есірткіні үнемі тұтынуға және дене мен жүйке қызметінің әбден әлсіреуіне алып келеді.
Халықтың есірткіге, нашақорлыққа салынуы қылмыстың, аурудың өсуіне, атап айтқанда, СПИД, вирусты гепатит және тағы да басқа ауруға әкеліп соқтыратыны баршаға мәлім. Халықаралық дәрежеде есірткі заттарының айналымын бақылау алғашқы рет ХХ ғасырдың бірінші жартысында, яғни 1909 жылы Қытай Халық Республикасында жүргізілген. Апиын бойынша халықаралық комиссияның конференциясы қорытындысымен бірнеше мемлекеттерде медицинада қолданылатын заңды түрде жіберілетін есірткі заттарын реттеу бойынша халықаралық келісімдер жүргізіле бастады. Сол кезден бастап, есірткіге тыйым салынып, заңсыз айналымына байланысты жауапкершілік жазасы тағайындалды. Қытай және Филиппин мемлекеттерінің бастамаларына қосыла отырып, АҚШ 1914 жылы есірткінің заңсыз айналымы бойынша алғаш рет феделалдық заңға өзгерістер енгізді. Бұл заң медициналық емес апиындар мен кокаин таратуға, есірткі заттарын өсіруге тыйым салды. 1937 жылдан бастап каннабисті топқа жататын марихуана мен гашишке бақылау күшейтілді. 1960 жылдың бас кезінде АҚШ басқа да есірткі препараттарын қолдануды көздей бастады да, ол бойынша 1970 жылы Конгресте заң қабылданып, онда басқа да есірткі құралдарын қолданғаны үшін жауапкершілік, сонымен қатар, алдын алу шаралары қарала бастады.
Осы орайда оқырмандарымызға психотроптық заттар және прекурсорлар дегеніміз не екендігі туралы қысқаша түсінік бере кетейік.
Психотроптық заттар дегеніміз – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармакологиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Прекурсорлар дегеніміз – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіруге, дайындауға, өңдеуге пайдаланылатын заттар.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келісімдеріне, оның ішінде БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясына сәйкес республика аумағында қатаң бақылауға алынған. ҚР 1998 жылғы 10 шілдедегі №279-1 «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы» заңына сәйкес барлық есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар төрт тізімге біріктірілген.
Бірінші тізімде қандай да болмасын мақсатта пайдалануға тыйым салынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Екінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және қатаң бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Үшінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Төртінші айналымы бақылауға алынған прекурсорлар тізімделген.
Есірткі барған сайын жастарға қол жетімді болып отырғаны, Қазақстан аумағына жаңа, оның ішінде өте күшті әсер ететін есірткілердің әкелінуі алаңдатып отыр. Олардың біреуі – психотроптық заттардың жаңа синтетикалық аналогтары – синтетикалық каннабиноидтар. Синтетикалық каннабиноидтар дегеніміз – ол өсімдік каннабиноидтарының құрылымы бойынша тектігі бірдей және фармакалогиялық әсері ұқсас синтетикалық препараттары. Бұл препараттар адамды ынталандыру, депрессиялық және елестеушілік күй жағдайға түсіреді. 31 мамыр 2011 жылы ҚР 1998 жылғы 10 шілдедегі №279-1 «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы» заңына қосымша толықтырмалары түрінде синтетикалық каннабиноидтары енгізілді. 2009 жылдан бастап «SPICE», «Spice Siver», «Spice Gold», «Spice Diamond», «Express Envelope», «maya» деген шегетін қоспалар ароматикалық құрал түрінде көбінесе интернет-магазиндер арқылы сатылады. Шегетін қоспаларды дайындау тәсілі – құрғақ шөптерді химиялық заттар, ароматизаторлар, витаминдер және синтетикалық каннабиноидтармен малтып дайындайды. Қазір 160 жоғары синтетикалық каннабиноидтарының түрлері белгілі және жаңа түрлерінің синтезы үнемі өсуде.
Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп қаралмауы керек, ол жалпы халықтың міндеті болып саналуы тиіс. Нашақорлықтың алдын алу үшін бұл іске барлық мемлекеттік органдарын, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарын белсенді тарту – онымен күрестің алғы шарттарының бірі. Қазақстанның күрделі геосаяси аймақта орналасуы, халықаралық лаңкестіктіктің күшеюі қылмыстың өсуіне кері әсерін тигізуде. Баршамызға белгілі, негізгі себеп болып отырған ортақ мәселе – ол нашақорлықтың алдын-алу және есірткі бизнесіне қарсы күресті жүргізу. Профилактикалық жұмыстарды белсенді жүзеге асыру, нашақорлар санының кемуіне, есірткіге деген сұраныстың азаюына, осы дертке қарсы күрестің басқа да әдістерімен қатар айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндіктер береді.
Сонымен қатар, оқушыларды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақыруда.
Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу – баршамызға ортақ іс. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Шымкент қаласы полиция департаменті барша қала тұрғындарын оның алдын алу мен жолын кесуге ат салысуға шақырамыз.