Қазақстан Үкіметі елдегі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған 2028 жылға дейінгі кешенді іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоспардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканы қысқартып, адал бәсекелестік ортасын қалыптастыру, бизнестің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей-ақ мемлекеттік бюджет кірісін көбейту. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2028 жылға қарай көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесін 13,8 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Жоспар аясында басты назар цифрлық технологияларды дамытуға аударылады. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы іске қосылады. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын біріктіріп, заңбұзушылықтар мен көлеңкелі қызмет белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында бюджетке келетін шығынның алдын алып, бақылау жұмыстарының тиімділігін арттыру жоспарланған.
Кешенді жоспарға барлығы 53 іс-шара енгізілген. Олар көлеңкелі экономика тәуекелі жоғары салаларды қамтиды. Атап айтқанда, сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында цифрландыруды күшейту, бақылау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыру көзделген.
Үкіметтің мәліметінше, бұл бастамалар экономиканың ашықтығын арттырып, заңды кәсіпкерлікті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және мемлекеттік кірістердің тұрақты өсуіне ықпал етуі тиіс.
