adilettv Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Технология Түркістан Экономика Экономика

ЕКІНШІ ТЯНЬ-ШАНЬ ФОРУМЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ИНВЕСТОР АРАСЫНДА МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумы өтіп жатыр.

Форум аясында Түркістан облысының әкімдігі мен «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингі арасында өңірде мақта кластерінің екінші кезеңін іске асыру жөніндегі меморандум жасалды. Құжатқа Түркістан облысының атынан облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ал инвестор тарапынан «Шыңжаң Лихуа» инвестициялық холдингінің директоры Сюй Цзе қол қойды.
Меморандум «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында ауыл шаруашылығы саласындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Тараптар өзара іс-қимылды теңдік, еріктілік, өзара тиімділік, ұзақ мерзімді тұрақтылық және экологиялық орнықтылық қағидаттары негізінде жүзеге асыруға келісті.
Айта кетейік, тараптар мақта кластері жобасының бірінші кезеңі аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатты. 2026 жылғы шілде айының соңында инвестор бірінші кезеңнің құрылысын толық аяқтады. Нәтижесінде Түркістан облысында заманауи мақта өсіру базасы құрылды.
Сонымен қатар мақта өңдеу, поливинилхлорид құбырларын өндіру, су үнемдеу жабдықтарын шығару және тұқым өңдеу бағыттарын қамтитын төрт өндірістік және қосалқы нысанды салу әрі пайдалануға беру жоспарланған.
Мақта кластерінің екінші кезеңі аясында инвестор өңірдегі инвестиция көлемін ұлғайтып, мақта өндірісінің толық өндірістік тізбегін қалыптастыруды көздейді. Қаражат инвестордың жеке есебінен тартылады.
Екінші кезеңде өңірде заманауи мақта өсіру базасын құру жоспарланып отыр. Жоба аясында ақылды егіншілік, тамшылатып суару және суды үнемдейтін технологиялар, сондай-ақ экологиялық таза өндіріс тәсілдері кеңінен енгізіледі. Бұл сапалы мақта өндірісінің көлемін арттырып, саланың технологиялық және экологиялық стандарттарын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мақтаны терең өңдеу бағыттарын дамыту көзделген. Атап айтқанда, жоғары сапалы экологиялық таза мата тоқу, үй тоқыма бұйымдарын шығару, бояу-әрлеу және дайын киім өндіру кәсіпорындарын іске қосу жоспарлануда.
Осылайша, жобаның екінші кезеңі мақтаны өсіруден бастап, оны иіру, мата тоқу, бояу-әрлеу және дайын киім шығаруға дейінгі барлық өндірістік үдерісті біріктіретін толық циклді өндірістік тізбек қалыптастыруға бағытталған.
Инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, мақта шаруашылығын әртараптандыруға, терең өңдеу үлесін ұлғайтуға және ресурстарды тиімді пайдаланатын заманауи өндірісті дамытуға негіз болады. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық аграрлық-өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Инвестор екінші кезең бойынша жобалық дайындық және рұқсат құжаттарын рәсімдеп, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастауды жоспарлап отыр. Құрылыс мерзімі – екі жыл.
Тараптар жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, өндірістік нысандарды пайдалануға беруге және оның экономикалық тиімділігін қамтамасыз етуге ниетті.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Қазақстанда машина жасау зауытын сату тоқтатылды

admin

«Техника мен қару-жарақты тарта отырып». Қорғаныс министрлігі киноға түсіру тарифтерін жариялады

admin

ҚАЗАҚСТАН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА 500-ГЕ ЖУЫҚ СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ

Admin

Пікір қалдырыңыз