Мақсат – науқастардың жағдайын жасау

Серік МЫҢБАЕВ, «Психикалық денсаулық орталығының» бас дәрігері: МАҚСАТ – НАУҚАСТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУ

Адам барында бағалай білмейтін екі құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Шыны керек, көбіміз денсаулықтың қадірін біле бермейміз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, денсаулықты барында бағалай білмеген адамдар басына дерт салмақ салғанда ғана денсаулықтың бағасын, өмірдің құнын ұғынады. Адам денсаулығына мән беруде дәрігер мамандардың ықпалы зор. Ақ халаттыларымыздың еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – науқас адамға көрсеткен көмегі. Бұл дәрігерлік тәжірибенің баюы мен оның беделінің өсуіне септігін тигізеді. Емделушімен тіл табыса білу де – дәрігер бойындағы ең басты құндылық. Медицина қызметкерінің беделін көрсететін амалдар бұл – терең білім, ауру адамды оның мәселелерін сабырлы, дұрыс және тез түсіне білу қабілеті, осыған байланысты оның жылдам және толық сауығуына лайықты жол таба білуі. Елімізде отандық медицина саласы қарқынды дамып келеді. Оның көрінісін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу «Психикалық денсаулық орталығы» құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесінің атқарылып жүрген оңды істерінен байқауымызға әбден болады.

Осы орайда, біз сөз еткелі отырған орталықтың бас дәрігері – Серік Мыңбаевты арнайы әңгімеге тартқан едік.

2019 жылдың наурыз айынан бастап бұрынғы наркологиялық диспансер мен психиатриялық диспансер және мәжбүрлеп емдеу орталығы біріккен түрде «Психикалық денсаулық орталығы» құрылды. Түркістан облыс болып, Шымкент қаласы республикалық мәртебе алған соң қалалық болып бөлінді. Қазіргі уақытта құрамында жеті ғимарат бар. Штатында 600-ден астам қызметкер жұмыс жасайды. 460 төсек-орынды және де 14 бөлімше, оның құрамында ерлер мен әйелдер, балалар психиатриялық бөлімшесі, 60 төсек-орынды мәжбүрлеп емдеу, бес наркологиялық, анонимді түрде емдеу бөлімшелері, сонымен қатар емханада күндізгі стационар және арнайы оңалту бөлімшесі бар. Мекеменің бас дәрігері Серік Мыңбаев өз ісіне жіті мән беретін, емделушілерімен де, қызметкерлерімен де тығыз байланыста жүріп, орталық жетістіктерін, жұмыс барысын жоғары көрсеткіштерімен қуантып келеді. Жаңа құрылымның ұйымдастыру ісінде бірқатар мәселелер болған еді. Ол мәселеге қарамастан министрлікпен, ғылыми орталықпен тығыз байланыста болып кемшіліктің бәрін еңсеруде. «Халық көзқарасы бойынша мұндай мекемедегі емделетін науқастарға теріс пікір қалыптасқан. Ол дұрыс емес. Ол кісілер де өз қандастарымыз, бауырларымыз. Әр түрлі жағдайлармен түскен адамдар. Мысалы, оның көпшілігі әлеуметтік жағдайдың және отбасылық қиындықтар мен мәселелер әсеріне байланысты орын алған», – дейді бас дәрігер.

Иә, кез-келген адамның басында кездесуі мүмкін жағдайлар. Сондықтан мұндай науқастарға көзқарасымызды өзгертіп, ел болып өз тарапымыздан достық, бауырмалдық көзқараста, азамат ретінде түсіністік танытқан жөн. Серік Мыңбаевтың сөзі бойынша, бұл емдеу жолын да жеңілдетуге септігін тигізетін көрінеді. Уақытша бейімдеу және детоксикациялық бөлімшесінде айықтырғыш орындар бар. «Емделушілердің бұл жерге орналастырылуының өзі профилактикалық мақсат. Ешқандай жазаға апармайды және ешқандай айыппұл қарастырылмаған. Бұл мемлекетіміздің өз азаматтарына деген қамқорлығының көрінісі»,– дейді бас дәрігер өз сөзінде. Сонымен қатар, Ішімдікке салынып, басқа да психикалық заттарды пайдаланудың әсерінен келеңсіз жағдайға ұрынып қалмау мақсатында оңалту орталығына орналастырып жататын мұндай науқастарға біз қолымыздан келген жәрдемді беріп, көмек көрсетеміз, барынша қадағалап отырамыз, – деп Серік Мыңбаев емхана емделушілеріне бей-жай қарамайтындарын баса айтты. Орталықтағы тағы бір бөлімше – сараптау бөлімшесі. Бұл әр түрлі жағдайларда, яғни қылмыс жасаған немесе жол апатын тудырған, тағы басқа да жағдайларда мастық, ішімдік ішу әрекетін анықтайтын бөлімше. Ғимараттары ескі, бейімделген орындарда ғана орналасқан «Психикалық денсаулық орталығының» тізгінін ұстап отырған Серік Мыңбаев: «Өздеріңізге белгілі ең бірінші мақсат – науқастардың жағдайын жасау. Бізде жаз мезгілінде аптап ыстық болатыны белгілі, соған орай барлық бөлімшеге «қыс-жаз» ауа реттегішін орнаттық. Емделушілерге жағымды әсер етсін деген ниетте іске қосқан болатынбыз. Екінші кезекте тағамға назар аударып отырмын. Алдын үш мезгіл тамақ берілетін болса, ал қазір төрт мерзімді тамақтану болады. Ал болашақта алты мезгіл тамақтандыруға көшіруге жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Неге десеңіздер, біздегі психотропты заттарды пайдаланған соң ол емделушінің ағзасын артық қозғайды. Содан адамның тәбеті ашылады»,– дейді. Жалпы біздің байқағанымыз, бұл орталықтың жұмысы дұрыс жолда жақсы жүріп келеді. Ол тек қана өз науқастарының жағдайларын жасаудан ғана емес, осындағы қызметкерлердің де жағдайларын жасаудан көрінеді. Осы тұрғыда бас дәрігер келер жылы деференциялы түрде қосымша жалақы төленетінін де жасырмады. Мұндай жағдай орталықта бұрын-соңды болмаған. Тағы бір айтарымыз, биыл наурыз айынан бері пандемияға байланысты біздің елімізде карантиндік шаралар жүруде. Бәрімізге белгілі еліміз індетке дайын болмады. Медицинада жүйе де, ем-домдық дәрумендер де қалай қолдану ретін таппады. Жұмыс үстінде, практика жүзінде, яғни тәжірибе жинау барысында қазір біздің медицина індетке қарсы емдеу тәсілдерін игеріп алды. Ол тарапынан елімізде, мемлекетімізде, қаламыздың өзінде біршама қуантарлық, мақтан тұтарлық істер атқарылуда. Бұл істе «Науқастарды тәулік бойы қатаң бақылаудағы 60 орынға ең алғашқы керекті тәсілдермен, аппаратурасының бәрі жеткізілуде. Біздің орталықтағы мақтан тұтарлық жағдай бір ғана келеңсіздіктен өзге науқастар аман-есен емделіп шықты», – деді бас дәрігер Серік Мыңбаев. Ол пандемия тазалық сақтамаудың, қорғаныш заттарды дұрыс пайдаланбау мен арақашықтықты, яғни карантиндік шараларды сақтамау әсерінен. Егер сақтық шараларының барлығын орындап жүретін болсақ, бұл індеттен қорқудың қажеттілігі жоғын алға тартты. Дәрігерлерге індет жұқтырған науқастар санының көрсеткішінен қорқу қажет емес, оң нәтижесін шығаруға, емдеу жолдарына баса назар аудару керек. «Бізге ең маңыздысы өлім-жітім болмағаны», – деген Серік Мыңбаев індеттің екінші толқыны болу қаупінің алдын алып отырғандарын, егер болған жағдайда орталықтың бұған дайын екендігін айтты.

Физикалық денсаулығымыз өзіміздің 90 пайыз психикалық жағдайымызға байланысты. Үрейден аулақ болыңыздар. Емдеу-алдын алу шараларын уақытылы сақтайтын болсақ, бізге ешқандай қауіп төнбейді. Маусым, шілде айларында болған жағдайда – өзін-өзі емдеуге тырысқан науқастар көп болды. Ол науқастың жағдайын одан әрі ушықтырып жіберген. Сондықтан тек дәрігерге жүгінгеніміз дұрыс. Қазіргі таңда Мемлекет тарапынан дәрі-дәрмектер тегін қарастырылған. Барлық емханаларда диагностикалық шаралардың бәрі қамтамасыз етілген. Телефон арқылы да мамандармен онлайн байланысуға мүмкіншіліктер қарастырылған. Осы індет келгелі психологиясы әлсіз адамдар депрессияға ұшырап қалған жағдайлар да көп кездесіп жатыр. Осы жағдайға байланысты психологиялық бейімдеу кабинетін ашу жоспарымызда бар, – дейді Ол. Оған арнайы мамандар дайындалуда. Және де Бас дәрігердің айтуы бойынша аутизмге шалдыққан, ақыл-есі кем, дамуы тоқтап қалған балаларға арналған орталық ашылатын көрінеді. Тұсаукесері қараша айының аяғына жоспарлануда екен. Бұл да бір үлкен жетістік деген ойдамыз. Қазақстан бойынша мұндай орталық жоқ. Алда «Психикалық денсаулық орталығынан» өзге де жағымды жаңалықтар және зор үміт күтеміз.

Осы орайда айта кетеріміз, психикалық науқастардың барлығын қоғамнан тыс жан ретінде қабылдауымыз қате. Олардың бізден бір ғана айырмашылығы стандартты түрде өмірге, қоршаған ортаға, адамдарға деген өзгеше көзқарасы, әдеті. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жер бетіндегі 80 пайыз адамдар психиатр дәрігерлердің емделушісі болуына кандидат екен. Ендеше, біз сол 80 пайыздың құрамына кірмейік. Аман болайық. Денсаулығымызға көңіл бөлейік!

А. ДҮЙСЕНБАЕВА.

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Келесі жылы Түркістанда инфрақұрылым құрылысы толық аяқталады[:]

Mon Nov 16 , 2020
Елбасының тапсырмасымен еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, жобалар 3 бағытта жүзеге асырылып жатыр. «Бұл, ең алдымен, инфрақұрылым. Газдандыру, жол желісін салу, сумен, жылумен […]