Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың Жамбылы

Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мəшһүр жыр жампозы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының баурайында, Ұлы жүздің ішіндегі Шапыраштының Екейруынан шыққан Жапа Ыстыбайұлының отбасында дүниеге келген. Əкесінің аты Жапа болғанымен, ел Жабтай деп атап кеткен. Жапаның Ұлданай атты əйелінен Тəйті, Жамбыл, Коман туады. Арғы аталары дəулетті кісілер болғанымен, Жамбылдың əкесі Жапа «шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған».

Жамбыл Жабаев бар ғұмырын Майтөбе мен Суықтөбе тауының етегіндегі құт қонып, бақ дарыған өлкеде өткізді. Ғасыр жасаған халқының аса дарынды перзенті батырлықты, өрлікті, әділдік пен теңдікті жырлады.

Ақиық ақынның жыры да, сыры да мəңгілік тақырыпты қозғайды. Яғни, тіршілік жəне адамтану жөнінде! Жыр дүлділі Жамбыл Жабаев есімінің бүкіл жер шарын шарлаған кезі — жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының ортасы. Оның өлеңдері Азия мен Еуропа жəне басқа да континенттер ұлттарының елу шақты тілдеріне аударылған.

Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында таумен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнер сүйер əрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз — есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!

«Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі»,— деп толғанған екен кезінде даңқты жазушы Сəбит Мұқанов.

Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген əділ баға, біздер үшін мəн-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер. Бұл мəліметтер Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəнізор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Биыл Ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл! Осыған байланысты, республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газеті өзінің басты айдарынан бастап, Жамбыл атамыздың суреті мен 175 жылдығына сәйкес, 2021 жылдың қолдарыңыздағы алғашқы нөмірін атамызға арнап беташары ретінде қанатты сөздерін жыл ширегінде және жырау туралы тың дүниелерді, классик жазушылардың зерттеулерін, дәстүрлі түрде жариялайтын болады. Жамбыл атамыздың 150 жылдығы тойланған тұста тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, ф.ғ.д, Мемлекет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өз ой-пікірін білдірген болатын. Санаға сіңген саналы сөздерге қайта назар аударсақ.

Өткен жыл Абай жылы, әдебиеттің, ұлттың мерекесі. Қаншама ұлағатты сөз айтылды, бірақ мұхиттың тереңіне, заңғардың биігіне жетпедік. Биігін бағамдап, тереңін түгесу, ауқымын тану, аумағын қамту мүмкін де емес. Қашан да ұлылардың үлесі осындай. Биыл – Жамбыл жылы. Тағы да айтып жатырмыз, асқақтатып жатырмыз. Бәрі жөн. Артығы жоқ. Бірақ…жеттік пе…таныдық па?… Біз ең алдымен бір нәрсеге бейіл беруіміз керек. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы. Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмалау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы секілді көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – Алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды. Орта ғасырлық сахара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет. Жамбыл – әлемнің небір дамыған елдері мен халықтары мақтан етіп, тойлап жүрген ірілерімен, алыптармен терезесі тең, өзгеше тұрпатты, кесек тұлға.

Мұхтар МАҒАУИН,

Қазақстанның халық жазушысы,

әдебиет зерттеушісі.

Сөз соңында айтарымыз, Жамбылдың ақындық мұрасыкөп зерттелген. Оның шығармаларының баспа бетін көруіне кезінде С.Сейфуллин араласқан. М.Əуезов, С.Мұқанов бастаған қазақ ақын-жазушыларының көбі Жамбыл жайында мақалалар, естеліктер жазған. Арнайы зерттеулер де бар. Еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін Жамбыл туралы жаңа көзқарас қалыптастыру, оны «социализм мен Сталиннің жыршысы» деген ұғымнан арашалап алу шаралары қолға алынды. Өлең –сөздің даңғылы, бар Қазақтың Жамбылы.

Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға мәңгі жасай береді.

Ізгі ниетпен:

Қуанышбек БОТАБЕК.

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған қария жазаланды[:]

Mon Jan 11 , 2021
Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған егде жастағы ер азаматқа айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен айыратын болады. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері екі автокөлік жүргізушілерінің арасында ерегіс жазылған бейнежазбаны анықтады. Тексеру барысында оқиға Келес ауданы елді мекендерінің бірінде орын алғаны белгілі болды. “Шевролет” автокөлігінің жүргізушісі жол […]