Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның «Шығыс залына» барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

– Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.

– Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын, – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді, Қырғыз Президенті.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Тоқаев пен Жапаров бірлескен мәлімдеме жасады[:]

Tue Mar 2 , 2021
Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын қазақ еліне көрсетілген айрықша құрметі деп бағалайтынын айтты. – Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, сондай-ақ, тату […]