Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімімен өңірдегі жағдайды талқылады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, – деп хабарлайды ADILET.TV тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су тасқынына қарсы қабылданған шаралар, вакцинация барысы, Аршалы және Целиноград аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қосшы ауылындағы әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту бойынша Президент берген тапсырманың орындалуы туралы есеп берді.
“Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Маржықпаев пен Құмар Ақсақаловқа өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізуге және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар тапсырма берді”, – деп жазды Берік Уәли.