ЖЕГІШТЕР КӨП ӨМІРДЕ, ЖЕГІШТЕР-АЙ, НЕСІБЕСІН БАЛАЛАРДЫҢ ЖЕП, ІШКЕН-АЙ…

Біз газетіміздің өткен санында «Бесікте жатып мектепке тіркелген сәбилер немесе желге ұшқан білім қаржысы» тақырыбында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Риана» жекеменшік жалпы орта білім беру мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне байланысты миллиардқа жуық қаржының талан-таражға түскендігі жөнінде материал жариялап, оны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың назарына да ұсынған болатынбыз. Бұл жемқорлық іс-әрекетті журналистік тұрғыдан зерделей келе «Риана» жалпы білім беру мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығына және сол кезде Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы міндетін атқарған, бүгінде осы басқарма басшысының орынбасары болып отырған Айгүл Текебаева ханымға түйткілді сұрақтарымызды қойған едік. Аталған мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында «Шымкент қаласы Білім басқармасы» басшысының орынбасары А.Текебаеваға жолдаған 2021 жылғы 20 сәуірдегі №035 арнайы сұраныс хатымызға, өз кезегінде А.Текебаеваның 27.04.21 жылғы №10-06-03/3263 шығыс хатпен берген жауабы көптеген күпті күмәнімізді көлдей етті.

Алайда, А.Текебаеваның редакцияға жолдаған жауап мәтіндері оның жауапкершіліктен сытылып кету бағытын ұстанғандығын байқатқандай, мемлекеттің миллиардқа жуық қомақты қаржысын белінен басып, жымқырған іс-әрекеттер білім басқармасынан бастау алғаны айқындалғандай болды. Нақтылай түссек, А.Текебаеваға қойған негізгі «2019-2020 оқу жылдарында «Риана» мектебіне мемлекеттің қыруар қаржысы бөлінген. Осы тұста Сіз Білім басқармасының міндетін атқарушы қызметінде болғансыз. Бұл мәселеге жауапты тұлға ретінде қандай жауап айтасыз?» – деген сауалымызға «2019-2020 оқу жылында «Риана» жекеменшік мектебі «Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру» қағидаларының 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығының 5-тарау, 2-тармағына сай «Орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жекеменшік білім беру ұйымы өтініш жолдаған. Конкурстық комиссия шешімімен мемлекеттік тапсырыс алған» деп жауап қайырыпты. Асылы, жалпы білім саласына, оның барлық стандарттарының орындалуына бақылау жасау қандай жағдайда да білім басқармасы басшысының құзыретінде қала бермек. Бұл қағида көпшілікке аян. Талқыланбайды.

Екінші сауалымыз: «Риана» мектебінің құжаттарын, әсіресе балалардың тізімін жинақтауда өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгендігі анықталып отыр. Сіздің тарапыңыздан заңбұзушылықтың алдын алу, қаржыландыруды тоқтату мәселесі неліктен жүзеге асырылмаған?» десек, А.Текебаева: «Риана» жекеменшік мектебіне оқушыларды жинақтау, қабылдау, оқушылар контингентін «Ұлттық білім беру деректер қорына» (НОБД) енгізу мектеп басшысының құзырында (Білім басқармасының құзыретіне кірмейді). 2019-2020 оқу жылында «Ұлттық білім беру деректер қорында» (НОБД) «Риана» жекеменшік мектебіндегі оқушылар контингенті ЖСН-мен енгізілген. Ұлттық білім беру деректер қорына кіру тек қана жекеменшік мектеп директорының жеке логині мен паролі (құпия код) арқылы жүзеге асырылады», — деп жауапкершілікті өзіне емес, «Риана» мектебінің басшылығына бағыттағанына еш түсінбей дал болдық. Тал түсте мұндай жауапқа кім нанбақ? «Риана» мектебі өз құзыретінде мұндай мүмкіндігі болса, білім басқармасына тіркеліп не әлек дейсіз ғой. Қаржыны қалаған жерден қарыштамай ма? А.Текебаеваның берген бұл жауабына «Риана» мектебінің сол кездегі директоры болған Тұрар Қосмағанбетов: «2019 жылы сәуір айындағы 414 балаға қатысты хаттама біздің қолымызға берілмеген. «Риана» жалпы орта мектебіне оқушыларды жинақтау, қабылдау, оқушылар контингентін «Ұлттық білім беру деректер қорына» (НОБД) енгізу барысында жұмыс барысы Шымкент қаласы Білім басқармасы басшылығының қадағалауында болды» — деген 28.04.2021 ж. күнгі №37 шығыс хатымен мөрін басып қарсы жауапты назарымызға ұсынды. Демек, арада заңсыз іс-әрекеттің жүргені айдан анық. А.Текебаеваның бізге ұсынған жалтарма жауабы «Балық басынан шіриді» демекші, басқарма басшысының тікелей құзыретінде болғандығын еріксіз әшкерелеп, қылмысты өзі ашып бергендей күйге ұшыратып отыр емес пе?

Әрмен қарай, адами арға қатысты: «Өзіңіздің осы мәселеге қатысты жауапкершілігіңіз туралы не айта аласыз?» — деген сұрағымызға мүлде назар аудармай, «Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мектептің білім басқармасына тапсыратын оқушылардың контингентінің актісі (мекеме басшысының қолы, мекеме мөрі басылған) негізінде жүзеге асырылады» — деген жауап қайырғанына оқырман қауым жіті көңіл бөлсе, жауап иесінің ақыл-ес орнықтылығына күмәнмен қарар еді-ау…

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы: «Мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек» — деген мақсатты сөзін ескерсек, елдің болашағы – жас ұрпақпен тікелей байланысты екенін, мемлекеттің осы болашақ жастар үшін жасап жатқан игілікті мақсатын, оған мемлекет тарапынан қаржының молынан қарастырылып жатқан кезеңде мынадай жергілікті жерлерде уақытша басшылықты атқарғандар қарпып қалу әрекетіне барып, «Тісің барда, бір ысқыр» дегендей, қолайлы сәтте қаржыға қолдарын молынан салуы, сәбилердің несібесін жымқыруы – қылмыстың ішіндегі ауыры, күнәнің ішіндегі үлкені екенін ескермегені өкінішті-ақ.

Бұл орайда біз А.Текебаеваға да, «Риана» мектебіне де бейтарап едік, тек балаларға, яғни болашағымызға бөлінген мемлекет қаржысының талан-тараж болғандығы, талан-тараж емес-ау қолды болғандығы бір ғана бізді емес, оқырмандарды да бей-жай қалдырмауда. Тіпті бір оқырманымыз редакциямызға арнайы қоңырау шалып, осы мәселеге қатысты алғашқы сын мақаладан алған әсерін мынадай:

«Жегіштер көп өмірде, жегіштер-ай,

Несібесін балалардың жеп, ішкен-ай…» деген өлең жолдарымен аянышты көңіл-күйін жеткізген-ді. Қорыта айтқанда, бұл қылмысқа заң алдында кім жауапты немесе кім кінәлі? Оны сот шешеді.

Еске сала кетсек, бүгінгі күнде бұл мәселеге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Біз журналистік зерттеу барысында қолымызға келіп түскен кейбір құнды мәліметтерді заңға сәйкес тергеу амалдарына кедергі келтірмеу мақсатында әзірге жарияламауды жөн санадық. Редакция алдағы уақытта өз тарапынан соңғы сот актілерінің нәтижелерін толыққанды газет беттерінде жариялайтын болады.

Газеттің алдыңғы саны:

БЕСІКТЕ ЖАТЫП МЕКТЕПКЕ ТІРКЕЛГЕН СӘБИЛЕР Немесе ЖЕЛГЕ ҰШҚАН МЕМЛЕКЕТТІҢ БІЛІМ ҚАРЖЫСЫ КІМНІҢ УЫСЫНДА?!…

Әділ ҚЫРАН

 

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]УАҚЫТТАН АСЫП ТУҒАН АСЫЛ ТҰЛҒА[:]

Fri Apr 30 , 2021
Атырау облысында бес жыл облыстық прокурор болып қызмет атқарған кезімде осы елдің үлкен тұлғасы Жұмағұлов Төкен Танаұлымен таныстым.Ұлы Отан соғысы кезінде кішкентай бала әкеден бір жасында жетім қалған, тұрмыс тауқыметін көп көрген Төкен ағамыз еш қиындыққа мойымай, талай үлкен лауазымдарда қызмет атқарып, ел ағасы болған кезінде таныстық. Ағамыз Дина жұбайымен […]