ВЕЛОСИПЕДПЕН ШЫМКЕНТКЕ 15 САҒАТТА, ТҮРКІСТАНҒА 8 САҒАТТА ЖЕТКЕН МАҚТААРАЛДЫҚ АЗАМАТ

Досанов Парсахан Намазбайұлы  400 километрдей жол жүріп, Шымкентті және Түркістанды кесіп өтуге бел буғанын айтқан болатын. Ол сөзінде тұрды.

39 жастағы Парсахан Досанов саяхатын 2021 жылғы мамырдың 6-сы күні Түркістан облысы, Мақтаарал ауданынан бастаған.

«Сапарымды Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауыл әкімшілігі, Кеңесшіл ауылынан бастадым. Ол жақтан таңғы 6-да шығып, кешкі 9-дан өте Шымкент қаласына кіріп келдім. Қаншама уақыттан бері осы іске ниет қылып жүрген едім. Сол күнді Алла нәсіп қылған екен. Бүгінгі таңда ниетіме жетіп отырмын. Алда әлі де мыңдаған шақырымдарды бағындырсам деген мақсат та жоқ емес», – дейді бұл туралы  Парсахан Намазбайұлы.

Саяхатшы әлемді мойындату ниетін де жасырмады.

Саяхатшыны Шымкент қаласынан арнайы күтіп алған даңқты спортшы, Шымкент қаласының №1 олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер  спорт мектебінің директоры Ділдәбеков Мұхтархан Қабыланбекұлы:

«Кәсіби велоспортшылар болмаса, қарапайым адамның қолынан келе бермейтін ерлік. Сондай қайсарлықты көрсете білген  Мақтаарал ауданының тумасы Досанов Парсахан Намазбайұлы  бауырымыз ойлы-қырлы жолдардың қиындығына қарамай қаншама шақырымды басып өтіп, қалаға келіп отыр. Қадамы құтты болсын. Бұдан да ұзақ шақырымдарды бағындыра беруіне тілектеспін. Әлемді мойындатамын деген мақсатына жетсін. Аман-есен індеттің беті қайтса, Алла қаласа шет мемлекеттерге де жіберетін боламыз. Дүние жүзін бағындырады деген зор сенімдемін»,- деген ықыласын білдірді.

Парсахан Намазбайұлы: «Әр қаладан көрген, білгенімді камераға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы бөлісіп отырамын» дейді.

Бұл велотур – мақтааралдық жігіттің алғашқы сапары.

Түркістан қаласына келіп жеткен сапарында құрметпен қарсы алған қала әкімі Рашид Аюпов:

«Тәуелсіз Қазақ елінің  осындай батырлары барына қуаныштымын. Бауырымыздың ерлігі бүкіл еліміздің абыройы деп білемін. Шымкент қаласынан таңертең шығып, 8 сағат ішінде Түркістан қаласына келіп отыр. Бұл дегеніңіз – спорттың дамуы деген сөз. Кейінгі жастар көріп, үлгі ала берсін. Барша Мақтааралдықтарға жалынды сәлем. Осындай бейбіт күннің батырлары өсе берсін. Қайсар азаматтарымызға бағыт-бағдар беріп отырған Мұхтархан ағамызға да, Оңтүстікке танымал азамат, еліміздің, ұлтымыздың патриоты Қуаныш Ботабек бауырымызға да алғысымыз шексіз. Амандық, елімізде тыныштық болсын»,-деді.

«Санамда еліміздің қалаларын велосипедпен аралау идеясы туды. Алдағы уақытта да саяхатым арқылы велосипедпен бүкіл әлемді аралауға болатынын көрсеткім келеді. Бақытыма орай, бағытыма қолдау білдірушілер де табылды»,- дейді Парсахан Досанов бұл істе демеу бола білген «Әділет.Рухани жаңғыру» редакциясының редакторы, белгілі журналист Қуаныш Ботабек және Сидней олимпиадасының, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, белгілі спортшы, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков ағаларына алғысын білдіре отырып.

Қазақстанда әлемді велосипедпен аралауға құмар басқа да азаматтар бар. «Әділет» солардың бірі жайлы  ғана жазып отыр. Қасиетті Рамазан айының оразасын ұстап жүріп, осындай ұзақ шақырымдарды кесіп өткен азаматтың ісі шынында, ерлікпен пара-пар. Әрдайым ауызынан «Бісмілләсі» түспеген қазақ жігітінің бүгінгі ісі өзінің замандастарына ғана емес, болашақ өскелең ұрпақтарға да үлгі, өнеге болады деген ойдамыз. Қазақтың қайтпас қайсар, шымыр, ел қорғайтын жігері мығым осындай азаматтары жасай берсін!

Айта кетейік, Парсахан Досанов Мақтаарал ауданынан Шымкент қаласына 15 сағатта, ал Шымкент қаласынан Түркістан қаласына дейін 8 сағатта келіп жеткен.

 

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

Аягөз Сәкенқызы

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Ashyq жүйесі вакцинация төлқұжаттарын шілдеге дейін енгізуге уәде берді[:]

Thu May 13 , 2021
Енді қазақстандықтар коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын салдырғаннан кейін бір жыл бойы “жасыл” мәртебеге ие болады деп жоспарланып отыр. “Вакцинация төлқұжаты интеграцияланады, қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен техникалық жұмыстар жүріп жатыр. Екі компонентті де салдырғандардың мәртебесі “жасыл” болады”, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық […]