СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТІП БАРАДЫ… мамандар дабыл қағуда

ҚР Премьер-Министрі А.МАМИННІҢ,

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.НЫҒМАТУЛЛИННІҢ,

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

М.МЫРЗАҒАЛИЕВТІҢ НАЗАРЫНА!

Су проблемасы — ғаламдық түйінді тақырып. Дүниежүзі ғалымдары осы маңызды мәселенің күрмеуін шешу мақсатында жұмыла жұмыс істеп жатыр.

Иен жатқан кең атырап даласы бар Қазақстан үшін су мәселесі өте өзекті. Шаруалар қазір Сырдың суы сирағына келмей шырылдап жүр. Егін алқабы сусап, қүйіп тұр. Республи­камыздағы негізгі су көзі болып саналатын Ертіс пен Іле өзендерінің бастауы іргеміздегі көрші алпауыт Қытай елінен ағып келеді. Ал оңтүстігіміздегі Сырдария, Шу, Талас өзендері Қырғызстан және Өзбекстан арқылы әупіріммен бізге табан тірейді, батыс өңіріміздегі Ақжайық ежелден Ресейден жағалап өтеді. Сонда еліміздегі су қорының 40 %-дан астамы шекаралас елдердің аумағында орналасқандықтан, ауылшаруашылығы жыл сайын су тапшылығын сезінген үстіне сезіне беретіні рас.

Ал енді Сырдарияның суын бес мемлекет: өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, қазақ бөліп алады. Суды басқаратын, әрі бөліп беретін мекеме Ташкенттің қақ төрінде. Мекеме басшысы да Өзбекстан жағынан тағайындалған. Сырдарияның табанында орналасқан Қазақстан жылда өзіне бөлінетін тиісті лимитті қарқ болып ала алмай отыр.

Өзбекстанның қыр асырмас тағы бір қулығы, судың лимиті деп қыс айларында суды молынан жібереді. Қазақстанға «Достық» каналымен толтырып тұрып айдайды, сор шаюға пайдаланыңыздар деп, лимиттің есебінен… Қыстыгүні топан су неменеге керек, егін салған кезде бермеген соң…. Егінге су керек кезде керісінше қысып тастайды. Өйткені, лимит бітеді.

Әсіресе, осы егістікке қажет ағын судың мәселесін шешу үшін ең алдымен өз алдына Су шаруашылығы министрі болу керек дейді мамандар. Бізде қазір су ресурстары – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетіне қарайды. Облыстардағы өзен-көлдер, су қоймалары, су арналары… жергілікті әкімдіктерден сұралады, қандай да бір сауал туындаса жергілікті билікте қаралады. Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі барлық су шаруашылығына байланысты қызметтерді реттейтін «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК (республикалық мемлекеттік кәсіпорны) пайда болды. Жұмысы әлі бір қалыпқа түсе алмай жатыр ма, екі жылда төрт басшы ауысып үлгеріпті. Су маманына қатысы жоқ, не бұл салада тәжірибесі қалыптаспаған бірі мұнайшы, бірі энергетик, тіпті бірі құрылысшының басшы болғаны мұндағы егістің етегінде жүрген халықты қатты ашындырып жіберді. «Тауық сойса да, қасап сойсын» дегенді қазақ не үшін айтты дейсіз, өзінің төл кәсіби маманы болмаған соң, бұл саланың жұмысы ақсамай қайтеді?…

«Қазсушар» мемлекет пен шаруа арасына алтын көпір орнату үшін құрылды емес пе? Керісінше барған сайын шаруалар мен мамандар арасында, кәсіпорын басшылығы арасында түсініспеушіліктер жиілеп кетті. «Қазсушарға» қарайтын және есеп беретін «Су-Метрология» филиалы бар. Бұл мекеме бұрыннан кеңес одағы кезінен, яғни 1975 жылдан Шымкентте орналасқан және бүкіл Қазақстан бойынша есепке алынған 7 400 су өлшеу бекеттеріне тексеру жүргізіп, аттестациядан өткізіп келеді. Су ағысы өзгеріп отыратындықтан, бетондалған су бекеттерін екі жылда бір рет, ал бетондалмағаны жылына бір рет тексеріліп, талапқа сай болса, құжаттары беріледі. Міне, осы су бекеттері арқылы дихандарға су барады. Егер су өлшеу бекеттері талапқа сай болмай шығып, аттестациялаудан өтпесе, дихан да сусыз қалады деген сөз. Алайда, осында қысалтаяң шақта «Қазсушар» кәсіпорны басшылығы мен «Су-Метрология» филиалының арасында дүрдараздық туған. Бұрын кез-келген мәселені тікелей Су комитеті арқылы шешімін таба алатын, қазір «Қазсушар» пайда болғалы қағазбастылыққа жол беріліп кетті, мәселені шешу жолы, орындау процесі созылып кетті.

«Қазсушар» кәсіпорнының ІТ саласы бойынша атқарушы директоры Т.Наримбаев қызметке келгелі суару жүйелерін автоматтандыруға көшті. «Дұрыс, Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес суару жүйелерін заманауи үлгі бойынша автоматтандыруға қарсы емеспіз», — дейді «Су-Метрология» филиалының басшысы Есқыдыр Чукетов, — Алайда, біздің келіспей отырғанымыз мынада, автоматтандыру құрылғылары барлық су каналдарына сәйкес келе бермейді. Өйткені, әрбір жердің, қаланың, облыстың өз жерінің бедері бөлек, еңістігі әрқилы, ағысы да ұқсамайды. Мәселен, Мақтарал, Жетісай аудандарының жерлері «Достық» арнасының ағысымен деңгейлес, каналдың бір шақырымдық жеріне дейінгі деңгей бар-жоғы 6 см төмен ғана, ал Жамбыл облысы өңірлерінде еңіс өте көп болатындықтан, автоматты жүйеге сәйкес қондырғылар орнату қолайлы».

Міне, пікір қайшылығы осы жерде туындайды. Бұрынғы тәжірибедегі нағыз мамандар автоматтандырылған қондырғы барлық каналға орнатуға сәйкес келмейді, тек еңісті жерлерге орнатуға оңтайлы десе, жас басшы Т.Наримбаев бұған кереғар пікірде. Т.Наримбаевтың мамандығы – ақпараттық технология саласы. Ол жердің бедерін, еңістігін, диаграммасын қаперге алмай тұр дегенге саяды.

Ақыр соңында бір байламға келе алмаған, Мақтаралдағы 19-ыншы каналға автоматты қондырғыны орнатуға болмайды дегені үшін «Су-Метрология» филиалының маманы Сұлтанбек Бекжанов «Қазсушардан» қыспаққа ұшырайды. Тырнақ астынан кір іздеп, «хаттарға дер кезінде жауап бермедің» деген желеумен «жұмыстан кетесің» деген сөздерге дейін барған. «Су-Метрология» филиалы басшысы Есқыдыр Чукетовке ескерту берілген, яки С.Бекжановты жұмыстан шығарып жібермегені үшін Чукетовтің өзі түртпектеуге түскен.

Зейнетке шығуына екі жылы қалған, су шаруашылығына саналы өмірін арнаған басшы өзінің жанайқайын Мемлекет басшысына ашық хатпен жеткізгісі келеді. Су тапшылығын айта береміз, қазіргі уақытта елімізде су мамандары да тапшы. Қарапайым гидротехник жоқ. Техникалық, педагогикалық университеттерде арнайы факультет ашылған, алайда олардың білім базасы қазіргі талапқа сай емес, атүсті бетінен қалқып оқытады. Нағыз маманды табу қиын.

Біз төменде ашынған ашық хаттың толық мәтінін мұртын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Е.Чунетов

Е.Чунетов

С.Бекжанов

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Асқар Ұзақбайұлы МАМИНГЕ

Қазақстан Республикасы «Нұр Отан» ХДП төрағасының Бірінші орынбасары

Бауыржан Қыдырғалиұлы БАЙБЕККЕ

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі

Мағзұм МаратұлыМЫРЗАҒАЛИЕВКЕ

Су ресурстары комитетінің төрағасы

Нұрлан Жанұзақұлы АЛДАМЖАРОВҚА

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалықмемлекеттік кәсіпорнының «Су-метрология» филиалының ұжымынан

АШЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауында су ресурстарының тапшылығы жаһандық қауіп ретінде қарастырылады. Су шаруашылығы жүйелеріндегі суды есепке алу пункттерінің метрологиялық жұмыс қабілеттілігін дамыту су ресурстарын үнемдеудің теңгерімді саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Су-метрология» филиалы ҚР Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК-ның Ұлттық метрологиялық қызмет функцияларын су ресурстарын есепке алуды метрологиялық қамтамасыз ету мәселелері бойынша орындайды.

Мекемемізде бекітілген штаттық кесте бойынша 39 маман жұмыс істейді. Оның ішінде, әкімшілік басқару персоналы – 9, өндірістік бөлімдерде – 21 және кіші қызмет көрсетуші персонал – 9 адам жұмыс істейді.

Мекемемізде моральдық-психологиялық жағдай жақсы, мамандардың біліктілігі жоғары, сарапшылар, лицензиясы бар көп жылдық еңбек тәжірибесі бар мамандар жұмыс атқарады. Соның арқасында, «Су-метрология» филиалының 2020 жылдың жоспарымен салыстырғанда 2021 жылғы жұмыс жоспары 170,7 пайызға көтеріліп отыр. Филиал толық шаруашылық жүргізу жолымен өзін-өзі қаржыландырып келеді.

Осындай, «Айрандай ұйып отырған», жоспарлы түрде еңбек етіп жүрген мекемеміздің «шаңырағын шайқалтатын» жағдайлар орын алуда.

«Қазсушар» РМК-ның ІТ саласы бойынша Басқарушы директоры – Т.Наримбаев тарапынан қудалауға түсіп отырмыз.

«Қазсушар» РМК-ның Бас директоры міндетін атқарушы А.Елжасовтың 2021 жылғы 30 наурыздағы №Ө-100 бұйрығымен өндірістік қажеттілікке байланысты Бас директордың орынбасарларының және кәсіпорынның басқа да басшы қызметкерлеріне орындайтын құзіреттері белгіленген. Аталған бұйрыққа, Басқарушы директор — Т. Наримбаевтың құзіретіне енгізілген «цифрландыру бөліміне жетекшілік етеді» деген тармағына келесі сөз қосылсын «филиал Су-Метрология», — деген өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2021 жылдың 28 сәуірінде №Ө-185 Бұйрық шығарылды.

Осы бұйрыққа орай, Басқарушы директор — Т. Наримбаевтың басшылығымен «Қазсушар» РМК-ның бес маманы (директордың кеңесшісі – Е.Жумагулов, жобалау-іздестіру жұмыстары бөлімінің басшысы – Б.Атамбаев, цифрландыру бөлімінің басшысы – А.Алинова және жоспарлау-экономикалық бөлімінің жетекші маманы – А.Жұмажанов) 2021 жылдың 5 — 6 мамыр күндері филиалдың жұмыстарын тексеріп, алдын-ала дайындап келген сұрақтарын жаудырып, берген жауаптарға «түсінбедім» деп қанағаттанбай отырды (инженер-гидротехник емес, гидравликаны әрине түсінбейді, түсінгісі де келмейді). Филиалдың 2021 жылғы жоспары қалай, оның орындалу жолы қандай, мекеменің қаржылық жағдайын жақсарту жолында не істеп жатырсыңдар деген сұрақтар қойылмады. «Бұрғылау қондырғысын неге қабылдап аласыңдар» деген сұрақ, актіге қол қойған мамандардан түсініктеме алу болды. Кейбір хаттарға уақтылы жауап бермедіңдер деген уәжбен ғана аяқталды. Тексеру нәтижесі бойынша хаттама береміз, — деген. Алайда, Т.Наримбаевтан хаттама немесе акт келген жоқ.

2021 жылдың 20-шы мамыр күні Бас директордың м.а. — А. Елжасов пен ІТ бойынша Басқарушы директор – Т. Наримбаев екеуі мекемемізге келіп, филиалдың директоры – Е.Чукетовпен жеке сөйлесіп, «өз еркінімен қызметтен босатыңыз — деген арыз жазасың және директордың орынбасары – Қ. Қойшыбаев пен филиалдың бас-метрологы – С. Бекжанов екеуіде өз еркілермен кетсін, деген тапсырма берді. Егер кетпесеңдер Қазсушарда істейтін КБН-ның жігіттеріне тапсырма беремін, тексеріп себеп тауып, статьямен жұмыстан шығарамын, одан кейін бірде-бір мемлекеттік мекемеде жұмыс жасай алмайсыңдар» — деп қорқытып кетті. Сол күннен бастап, «Қазсушар» РМК-ның Басқарушы директоры — Т.Наримбаев, Персоналды басқару бөлім басшысы мен Цифрландыру бөлімінің басшысылары қайта-қайта қоңырау соғып «арыздарыңды жазыңдар» — деп тыныштық беретін емес.

Кілтипанның шыққан жері, Т.Наримбаевтың басшылығымен Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Пилоттық бағдарлама ретінде К-19 каналына және сол каналдан шығатын арналарына суды өлшеуді («Су-Метрология» филиалының мамандарының қатысуынсыз) автоматтандыру жүйесін орналастырған. Орналастырылған автоматтандыру жүйесі каналдағы судың деңгейіне қарап, ағып жатқан судың көлемін анықтайтын құрылғы.

К-19 каналының көлбеуі (уклон канала) төмен (бір шақырым каналдың көлбеуі 6 см. ғана), жазғы суару маусымында (вегетационный перид) ағын судың аздығынан К-19-МО-1 және К-19-МО-2 каналдарына сорғы арқылы су беріледі. Бұндай жағдайларда, каналдағы судың деңгейіне қарап, ағып жатқан судың көлемін анықтайтын диаграмма дұрыс шықпайды. Сол себептен, судың көлемін анықтайтын автоматтандыру құрылғысы дұрыс таңдалмаған – деген «Су-метрология» филиалының мамандарының қорытындысымен Т.Наримбаев келіскісі келмейді, түсінбейді.

Т.Наримбаев осы, суды өлшеудің автоматтандыру Пилоттық бағдарламасының тұсаукесерін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевке ұсынған. Т.Наримбаев өз қателігін мойындағысы келмей, «Су-Метрология» филиалының басшыларына қырғидай тиісіп, мәжбүрлеп қызметтерінен кетуін талап етуде.

Сөзіміздің дәлелі ретінде, Орталық Азияның мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығы «Өзендер мен каналдардағы, сорғы станциялары мен суару жүйелерінің қысымды құбырларындағы су шығынын өлшеу әдістері» әдістемелік нұсқауларындағы «Проблемы, возникающие при измерении расхода в безнапорных потоках», «Расходомеры для измерения расходов в безнапорных каналах», «Особенности коммерческого учета вод в безнапорных каналах» — деген (24 – 32 беттер) тарауларында:

«Как известно, эпюра распределения скорости ламинарного потока в идеальном канале распределяется по нормальному закону, т.е., у дна скорость равна нулю, у поверхности потока скорость максимальна и, соответственно, у стенок скорость равна нулю, по центру потока скорость максимальна. В результате максимальная скорость потока формируется по центру потока у поверхности. На этом принципе построен алгоритм вычисления средней скорости безнапорных потоков большинства существующих на сегодняшний день безнапорных расходомеров.

Для идеальных измерительных каналов такой подход имеет право на жизнь. Но для реальных каналов, в которых распределение скорости в потоке зависит от многих систематических и случайных факторов, такой подход приводит к большим погрешностям измерения средней скорости и, соответственно, расхода. По нашим наблюдениям погрешность составляет в динамическом диапазоне измеряемых расходов от 20 до 300% в различных каналах для различных приборов.

При желании каждый может убедиться, что поток постоянно изменяется, а следовательно изменяется равнодействующая составляющая скорости потока, причем эти изменения не носят систематического характера, т.е. не поддаются усреднению за короткий интервал измерений» — делінген. Осы әдістемелік нұсқаулықтармен Т.Наримбаев таныстырылған.

Басқарушы директор Т.Наримбаевтың басшылығында «Қазсушар» РМК Суару жүйелерін автоматтандырудың 5 жылдық жоспары оны орындаудың іс-шаралары бекітіліп, жұмыстар басталыпта кетті.

Іс-шарада «Су-Метрология» филиалына берілген тапсырмаларды орындау үшін филиал директорының орынбасары Қ.Қойшыбаев пен Суды өлшеуді автоматтандыру бөлімінің басшысы Н.Ибрагимов 2021 жылдың 24 – 30 мамыр күндері Қызылорда облысына іс-сапарға шығу, және филиалдың Бас-метрологі С.Бекжанов мамандармен бірге Жамбыл, Алматы облыстарына 21 мамырдан бастап іс-сапарға шығып кеткен болатын. Алайда, Т.Наримбаев 24 мамыр күні филиалдың директоры Е.Чукетовке қоңырау соғып, іс-сапарға шыққан мамандарды кері қайтарылсын, — деген тапсырма берген. Мамандар кері қайтарылды.

Кеңестер дәуірі кезеңінен ағын суды есепке алу, оны бөлуді автоматтандыру саласында жұмыстар атқарылып келеді. 2010 жылдардан бастап, Қазақстан Республикасы аумағында да су өлшеуді автоматтардыру іс-шараларына мемлекет тарапынан миллиардтаған қаржы ажыратылып құрылыс жұмыстары орындалды. Сол бөлінген қаржылардың осы күндері нәтижесі қалай болғандығы жөнінде мәлімет бар ма екен?! Орналастырылған автоматтандыру жүйелері қызмет атқарып тұр ма?! Экономикалық тұрғыдан тиімділігін есептеп шыққан маман бар ма екен?! «Қазсушар» РМК-ның ІТ бойынша Басқарушы директоры — Т.Наримбаев осы уақытқа дейін жасалынған жұмыстарды зерделеп жіберілген қателіктерді қайталамаса екен.

Президентіміздің 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында «Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімдерін жеделдетуді тапсырамын. Биыл оларды 10%-ға, ал келесі жылы тағы да 15% — ға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25%-ға қысқарту міндетін біз 2021 жылдың өзінде-ақ шешетін боламыз» — делінген. Алайда, «Қазсушар» РМК-ның ІТ саласы бойынша Басқарушы директоры Т.Наримбаевтың тапсырмасымен «Су-Метрология» филиалында жобалау-іздестіру жұмыстары бөлімін құрып бірнеше маманды қосымша қызметке қабылдамақшы. Суару жүйелеріне автоматтандыру бойынша 5 жылдық жоспарға енген Алматы, Қызылорда және Түркістан филиалдарында жобалау-іздестіру жұмыстары бойынша, көп жылдық тәжірибелері бар өндірістік бөлімшелер жұмыс атқарып келеді, олардың жұмысын қадағалайтын «Қазсушар» РМК-ның орталық аппаратында жобалау-іздестіру жұмыстары бөлімі тағы бар. Қосымша, филиалдың структурасына жобалау-іздестіру жұмыстары бөлімі неге қажеті бар.

Еліміздің Президентінің Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйекте кезекті жолдауының «Цифрландыру – барлық реформалардың базалық элементі» тарауында: Цифрландыру — бұл сән үрдісіне сүйену емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы. «Деректермен» жұмыс істеу жаңа деңгейге шығуы керек. Деректер базасының бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету, оларды одан әрі дамыту қажет» — делінген.

Осы тапсырмадан кейін, «Қазсушар» РМК орталық аппаратында штаттық кестеде ІТ саласы бойынша Басқарушы директор және Цифрландыру бөлімі қарастырылды. Бұл дегеніміз, Республикалық меншіктегі су қоймалары, бөгеттер мен каналдардың техникалық төлқұжаттарын бірыңғайға келтіріп, мәліметтерді цифрлы жүйеге келтіріп базасын құру, — деп ойлаймыз. Программист маманмен бірге су шаруашылығының білікті мамандары біргелікте орындалатын шаруа, бұған барлық филиалдардағы білікті мамандары жұмылдырылуы қажет. Ауқымды жұмысты тиянақты орындау үшін «Қазсушар» РМК-ның іс-шарасы бекітілуі, қадағалауының арқасында орындалу керек, — еді. Алайда, ІТ саласы бойынша Басқарушы директор – Т.Наримбаев тарапынан мұндай жұмыстарды көріп отырғанымыз жоқ.

«Қазсушар» РМК-ның ІТ бойынша Атқарушы директоры Т.Наримбаев Су шаруашылығы нысандарын цифрландыру орнына, бар күш-жігерін Суару жүйесін автоматтандыру саласына жұмсап, мемлекеттің қаржысын осы салаға бөлуге ықпал жасап отыр. Бұл жерде, Т.Наримбаевтың материалдық қызығушылығы байқалып тұр.

Қудалауға түсіп отырған филиалдың басшылары туралы қысқаша мәліметтерді ұсынуды жөн көріп отырмыз:

Филиалдың директоры Чунетов Ескыдыр Сырманұлы, 02.02.1960 жылы ОҚО Мақтарал ауданында туылған, білімі – жоғары, 1977-1982 жылдары Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында білім алып, инженер-гидротехник мамандығын алған. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшының үш түрлі Аттестаты бар. Су шаруашылығында жалпы еңбек өтілі 25 жылды құрайды. «Қазсушар» РМК-сы салаларвнда 2008 жылдан бері басшылық қызметтерді атқарған. 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Су-Метрология» филиалында директоры болып қызмет атқарып келеді. 4 бала, 10 немере тәрбиелеп жүрген кісі.

Филиалымызға директор болып келген күннен бастап, мамандардың орташа есеппен жүз мыңға жетпейтін айлық жалақысын көтеруге ат салысып, орташа айлықты 170 пайызға дейін көтеріп «Қазсушар» РМК-на бекіткізіп алды, 2015 жылдан бері жоспарланып келген гидрометирялық рейка, водослив, гидрометриялық көпір т.с.с. метрология жұмыстарына қажетті заттарды шығаратын өндірістік орталығын құру жобасын филиал қаржысының есебінен дайындап, сараптамалық қорытындысы алынды, су қоймаларын көп факторлы техникалық тексеруден өткізу және бөгеттердің қауіпсіздігін деклорациялау жұмыстарын атқару үшін жоғары санатты мамандарды дайындап аккредациядан өтіп лицензиясы алынды.

Филиал директорының орынбасары Қойшыбаев Құрманәлі Омарұлы, 29.04.1964 жылы ОҚО Алғабас ауданында дүниеге келген, білімі – жоғары, 1979-1983 Шымкент гидромелиоративтік құрылыс техникумын, техник-гидротехник, 2000-2002 жылдар Қарағанды экономикалық университетін аяқтап, экономист мамандықтарын алған. Еңбек жолын 1986 жылы Шымкент «Су автоматика және Метрология» жобалау институтында (Су-Метрологияның сол кездегі атауы) инженер қызметінен бастаған. Жалпы су шаруашылығындағы еңбек өтілі 20 жыл. Су ресурстары комитеті саласында 2008 жылдан қызметтер атқарып келеді. 2016 жылдан бері «Су-Метрология» филиалы директоры орынбасары қызметінде.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің М.Әуезов атындағы ОҚО университетінде «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша білім алушылардың қорытынды аттестациясын өткізу үшін аттестаттау комиссиясының төрағасы болып үш жылдан бері бекітіліп келеді. Білікті маман, 2-ші топ мүгедегі, отбасында екі бала, үш немере тәрбиелеп келеді.

Филиалдың Бас-метрологі Бекжанов Сұлтанбек Ибынұлы, 23.02.1970 жылы ОҚО Жетісай ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1986-1993 жылдары Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтында білім алып, инженер-гидротехник мамандығын алған. Еңбек жолын 1993 жылы Киров суару жүйелері басқармасының сорғы станциясының машинисі операторы, аға инженер-гидротехнигі қызметтерінен бастап осы уақытқа дейін су шаруашылығынан қол үзбей еңбек етіп келеді. «Су-Метрология» филиалында 2009 жылдан бері бас маман, бөлім басшысы, 2015 жылдан бері Бас-метролог қызметін атқаруда. Қазақстан су шаруашылығы мамандарының арасында абыройы жоғары. Су ресурстары комитеті тарапынан құрылған комиссиялардың С.Бекжанов белді мүшесі ретінде су өлшеудегі даулы мәселелерді шешіп келеді.

Мекеме басшыларының бірлігі, біліктілігі жұмысқа деген жауапкершіліктерінің жоғары болуының арқасында 2021 жылдың жоспарын 2020 жылға салыстырғанда 170 пайызға жоғарылатты. Филиалдың жетістіктері мен жоғары санатты мамандарының біліктілігін естіген мемлекеттік коммуналдық басқармалары меншіктеріндегі су қоймаларын, бөгеттерін және каналдарын тексертіп сараптама жасап беруімізді сұрап жатыр. Демек, табысымыз бұдан да молайтып Республика аумағындағы су қоймаларының қауіпсіз жұмыс атқаруына сүбелі үлесімізді қосамыз деген ниетіміз бар.

«Қазсушар» РМК-ның ІТ бойынша Басқарушы директоры Т.Наримбаев заңсыз іс-әрекеттерге барып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстары министрінің туысқаны болғандықтан, филиалымыздың барлық басшыларын қызметтерін қудыртып, өзінің «жоспарларын» орындамақшы.

«Қазсушар» РМК-сы «Су-Метрология» филиалының 2021 жылға штаттық кестесін бекітіп беруіне байланысты, филиал директорының атынан «Қазсушар» РМК-ның Бас директорының атына, С.Бекжановты филиалдың директорының орынбасары-бас метролог лауазымына, Қ.Қойшыбаевты филиалдың Бас инженері лауазымына бекітуін сұрап екі рет хат (2021 жылғы 04 наурызды, шығыс хат №18-17-36/59 және 2021 жылғы 12 мамырда шығыс хаты №18-17-36/109) жолданған болатын. Алайда, жолданған хаттарға жазба түрінде немесе ауызша жауап болған жоқ. Ұсынылған мамандарға қандай кінәрат тағып, кандидаттарды қолдамайтыны туралы дерек жоқ.

Т.Наримбаевтың қызметтік хатын негізге алып, Серік Төлегенұлы Әбділлаевты филиалымыздың Бас инженері лауазымының міндетін 2021 жылдың 27 мамырынан бастап уақытша атқару үшін 2021 жылғы 27 мамыр күнгі №90-Ө бұйрығымен тағайындап та қойды.

С.Әбділлаев – «Су-Метрология» филиалында бұдан бұрын жұмыс істеген, ұжым мамандарының арасында мінездемесі жақсы емес.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы!

Ұжымның осы хатынан кейін филиалымызды тексеріп әрбір маманның үстінен кінәрат іздеп қудалауға түсетініміз белгілі. Біздің сұранатынымыз филиалдың директоры — Есқыдыр Сырманұлы Чунетов, ҚР «Еңбек Кодексінің» 53 бап, 1 тарауында зейнеткерлікке шығуға 2-жылдан кем уақыт қалған жұмыскермен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді, делінген, бұдан бөлек, 38 баптың 3-ші тармағында 2-ші топ мүгедегі, филиал директорының орынбасары — Құрманәлі Омарұлы Қойшыбаев, ҚР «Еңбек Кодексінің» 38 баптың 3-ші тармағында, 2-ші топ мүгедегі және филиалдың Бас-метрологі – Сұлтанбек Ибынұлы Бекжанов өз қызметтерін әрі қарай жалғастыруына ықпал жасауыңызды сұраймыз.

Әділ шешімін тауып, ұжымымыздың өтініші қараусыз қалғанжағдайда, филиалдың барлық мамандары өз еріктерімізбен жұмыстан босау туралыарыз жазатынымызды хабарлаймыз.

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

 

 

 

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

Аягөз Сәкенқызы

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярды қабылдады[:]

Wed Jun 9 , 2021
Президентке Германиядан инвестиция тартуға, екі елдің бизнес саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, Қазақстан экономикасы үшін маңызды саналатын бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Үкіметтің жұмыс тобы осы бағыт бойынша перспективасы бар бағыттар мен жобаларды одан әрі пысықтау үшін тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Қасым-Жомарт […]