АЛТЫН ДЕСЕ АЛТЫН ЕДІ АНАШЫМ…

Мен Алтын апамды өте жақсы көретінмін. Анасын кім жақсы көрмейді дейтін шығарсыз, сірә?! Жоқ, менің анам керемет жан болатын. Ақ көңіл, дарқан пейіл. Адамды жатсынуды білмейтін, үлкенді де, кішіні де үйіріп әкететін мейірімділігі тағы бар. Ыстық таба наны мен сүт қатқан қою күрең шайы қашанда дайын тұратын. Келген қонаққа дастарқанын жайып, шүйіркелесіп отырғаны. Шымкент жақтан Темірланға кіреберісте Арыс қаласына қарай бағытталған үлкен даңғыл жолдың қос жиегін бойлай орналасқан елдімекен баяғыда-а «Коммунизм» аталатын, ал хат жазарда поштасы бойынша «Бейнетқор» делінетін, бүгінде қалай аталады деген ой қылаң етеді. Е-е, ауылға кіреберіске «Ынталы» деп қойыпты ғой. Сол елдімекеннің басталар тұсында оң жақтағы кішкене сайға түсіңкірегендегі бірінші үй біздікі.

Нағыз еңбектің адамы еді ғой, шіркін! «Қара жұмыстан өлген адамды көргенім жоқ» дегенін талай естігенмін. «Күндіз колхоздың мақталығына шығып, кешкісін нанымызды жауып, тамағымызды пісіріп, түнгі айдың жарығымен үй іргесіндегі жүгерілікті шабатынбыз. Аяққа оралған бала-шаға, ас-ауқатыңды тосып отыратын кемпір-шал тағы бар. Құдайға шүкір, бәрінің оябынан шығатынбыз».

Оның да кеудесін керген арманы, жүзін әжімдеген өз мұңы болатын. Бірақ соның бәрінің ызасын қара жұмыстан алатындай көрінетін маған. Көкірегінде шері неге болмасын, Дүрімбет әкеден шаңыраққа ие болар ұл қалмады. Сылаңдап өскен үш қыздың ең сұлуы әрі кенжесі, қос ішекті домбыраның құлағында ойнайтын өнерпазы Жұматай алғашқы сәбиін дүниеге әкелер тұста көз жұмды. Күнтай сіңлісі құрсақ көтермеді… Соларды ойламайды дейсіз бе? Өзі үлкені болып біреудің жалғыз ұлына тұрмысқа шыққанда, соңынан екі ұл және төрт қыз ерткенде де бауырларының жайын ойлап, бір мезгіл мұңға бататын… Өйткені қара шаңырақ шынымен иесіз қалды…

Таң атпай тұрып сиырын сауып, өріске жіберіп, дәу қара қазандағы піскен сүттің қаймағын маған жегізер еді. Оның қаспағы да менікі. Таласатын ешкім жоқ. Менен үлкені қалаға оқуға кеткен. Одан да ересектері үйленген, тұрмысқа шыққан. Үйде кенжетай мен ғана.

…Шынында да үйдің тынымсыз тірлігінен қолы қалт етсе, малын жайғап, одан ерте көктемнен иығына кетпенін салып, бау-бақшаны баптап жүргені сол. Өзі келін болғанда да, өзі келін алғанда да таңның атысы, күннің батысы бір тынбайтын. Сонау ашаршылық жылдардың кермек дәмін бала күнінде татқан, ес кіріп, етек жинағанда соғыс зардабын шеккен анамыз кеңестік колхоздың бар жұмысын атқарғандардың бірі ғой. Содан ба екен, кейінгі бейбіт заманда да сол қыбырлаған қалпынан бір танбай, құдайдың берген бала-шағасын қайтсем қатарынан кем қылмаймын деп күн кешті. Қорадағы бес-алты ұсақ малының күзде жүнін қырқып, жуып, тазалап, түтіп, қыс бойы оны иіріп шығатын. Шұлық тоқуды үйреткені есімде. Ал жазғы каникулда үлкен бөлмеге кілем төсегін кергізіп тастап, бұл пақырыңызды соны тоқуға отырғызып қоятын. Әрине, шын көңілмен-ақ іске кірісетінбіз… Бұл енді менің мақтанатын тұсым. Талай кілем тоқып тастағанмын…

Анамның ең асыл қасиеті – адам баласын жамандамайтын. Ешқашан кісінің сыртынан да, бетіне де бір ауыз ауыр сөз айтпайтын. Кез келген пендені тек жақсы жағынан танитын. Пендешілік деген атымен жоқ еді бойында. Өздері «жоғарғы ауыл» атап кеткен Бейнетқордан (10-15 км қашықтықта) аудан орталығына шаруамен келетін қайынағалары мен абысындары міндетті түрде біздің үйге соғатын. Орталық пен біздің үйдің арасы да аз емес, 3-4 км. Бірақ олар алыссынбай, жаяу келеді де, сары самаурынның шәйін ішіп, қара қазанның ет-сорпасын жеп қайтатын. Жан жадыратар әңгіменің тегі бір ағытылатын еді-ау сонда. Не айтатындарын білмеймін, әйтеуір езулері күлкіден бір жиылмай, мәре-сәре күй кешетін. Білетінім, туыстарымыздың бәрі «жоғарғы ауылда» тұратын. Біздің айналамызда бір-екі-ақ үй.

– Суат қайнағаңыз (шын аты Қуат, әрине) келіп, мәз болдыңыз, – дейтінмін мен әзілдеп. Ұзын бойлы, ат жақты кісі болатын. Даудырап, әңгімесінің өзі бір қызық. Ол атамның даусынан үйдегі ыдыстың бәрі салдырлап кететіндей әсер алатынмын. Бар туыстың жаңалығын тәптіштеп айтып, айызын қандыратын сол. «Сұлтбек қайын ағам үйі аман ба, шешей не деп жатыр, Сәулейім абысын не істеп жатыр екен?» Анам да бәрін тізіп шығады. Қайынағасы да аузынан суын ағызып тұрып, барлық сырын да, жырын да ағынан жарыла ақтарып салады. Әкеміз Елібай құдай қосқан қосағын өте жақсы көруші еді. Көрікті кемпірін әлгі әңгімешіл қайынағаларынан қызғанып қоятыны да бар-тын. Жандары жәннатта болсын, жарықтықтардың. Бүгінде бәрі пейіште жатқан шығар-ау?!

Өтірік айтуды білмейтін анамның аңғалдығы да басым еді. Біреу бірдеңе айтса сене салатын. Қулық-сұмдығы да, ылдым-жылдымы да жоқ. Аузын ашса, көмекейі көрініп, ағыл-тегіл ақтарылып отырғаны сол…

– Бар жақсы, бар жақсы, бұл дүниеде жоқ жаман. Боқ болса да бар жақсы, – деп отыратын жарықтық. – Әй, өзі бір жақсы адам, – дейтін-ді әлдекімді сыртынан меңзеп.

Сөйтсем, ол кісі адам баласының бәрін жақсы көреді екен-ау. Сабыр Адай айтқандай, «Әрбір қазақ менің жалғызым» дейтіннің нағыз өзі.

Өте таза жан еді. Кіршіксіз таза. Қай жағынан алып қарасаңыздар да. Ары да таза, қолы да таза. Ауыл арасындағы әлдебір жиынға барса да, ең ар жағы дүкенге барса да, ерінбей киімін ауыстырып, тап-тұйнақтай болып жүретін. Сырттан келген бетте, әдемі көйлегін шешіп, ілгішке іліп, сары шифонеріне салып қоятын. Орамалынан бастап іш киіміне дейін ауыстыратын десем, өтірік емес. Мал қораға басқасын, бау-бақшаға шықса басқасын киіп үлгереді. Тазалық деп осыны айт. Сондықтан ба, тозығы жеткен киім болмайтын анамда. Ұл-қыздарының кимей қойған немесе сыймай қалған киімдерін ұқыптап жинап, жуып-шайып дегендей көршілес әрі көп балалы Дәрікүл құрбысына беріп жатқанын талай көргенмін.

Шүпірлеген немерелерінің ортасында отырар еді күлімдеп. Отырады деймін-ау, керсінше зыр жүгіріп жүретін. Бірінің қолына таба нанын ұсынып, екіншісіне айран-сүтін береді. Тым балажан болатын. Нәресте көрсе өнбойы елжіреп салатын. Қайсыбір жылы дүниеге бес немере-жиені бірінен соң бірі келгені бар-ды. Сондағы қуанғанын көрсеңіз. «Шекесі торсықтай ұл берді алла-тағалам» дейді ғой жүрегі жарылып. Ұл баланы ерекше құрметтейтін.

– Мына бала неге жылап жатыр, естеріңде болсын қарны тоқ, дені сау бала ешқашан жыламайды. Жағдайын жасаңдар, Ұйқысы келді ме? – деп өбектеп жүргені…

Қара шаңырақтағы жалғыз ұлдың зайыбы ата-ене алдында да тым адал болды. Тұла бойы тұңғышы Еркінді «қисық бас», үлкен қызы Дүйсенкүлді «қара қыз», үшіншісі Төлендіні «сарғалтай» деп атап кетті. Емізгені болмаса бар баласын кемпір-шалдың қойнына сала салғанының өзі адалдық емес пе?! Дәстүрге адалдық, ата-енеге адалдық деп осыны айтатын шығар?! Сексен жетіге келіп дүние салған Әбілда атаны, жетпіс жетіге келіп қайтыс болған Қойсынкүл апаны бірін қыста, екіншісін көктемде арулап шығарып салған да осы кісі.

– Қариясы бар үй қашанда жақсыға да, жаманға да дайын отыруы керек. Ақ кебіні мен жыртысын дайындап қояйық,– деген анам Шымкенттің «Фантазия» аталатын дүкенінен 1000 метр әдемі гүлді шыт әкелгенінде атам марқұм мәз болғаны да есімде. «Енді өле берсем болады». Міне, бұрынғының қариялары, өлімді табиғаттың заңды құбылысы ретінде күліп қарсы алғандар да осылар шығар?! Біздің ауылдың бүкіл кішкентай қыздары жазда сол шыттан көйлек тіктіріп кигені де көз алдымда.

Болмашы нәрсеге балаша қуанып, шат-шадыман болып жүретін. Кісі баласына ренжігенін көрген емеспін анамның. Бұл отбасының құндылығы сонда: үлкеннің айтқаны заң. Соның бір көрінісі (қырық жылдан көп уақыт өткенде бір құпияны ақтарсам, артық болмас) Әбілда атамыз қартайған шағында көк жөтелін кетіремін деп көкнәрға үйір болған екен. Кейде үйге ауылдың бір-екі шалы жиналып, атамның «көк дәрісіне» ортақтасып отыратын. Ақыл-есінен бір адаспай, тың күйінде кеткен атам темекіге де әуес еді. Қазір ойлап қарасам, біздің үйдің отбасылық бюджетінің басым бөлігі атама бөлінеді екен. Бұған ешкім ренжімейді де, солай болуы тиіс секілді қабылданған жәйт қой. Кішкентай болсам да кей нәрсеге ақша жеткізе алмай жататынын білетінмін. Бірақ, бірінші кезекте атамның көкнәрісі мен темекісі жеткізіліп тұратын. Ол кезде баламын ғой, атама ақ матадан кішкене ғана қалташа тігіп беретінмін. Тігісін жиі етіп, екі қайтара жүргізетінмін. Қолымменен, әрине. Қалташаға ақ жіптен кішкене бау істейтінмін. Онымен қалтаның аузын буып қоятыны есімде.

…Жалғыз сіңлісі Күнтай апамыз жаман аурумен ауырып, ауруханада жатты. Марқұм анам бауырының айықпас дертке шалдыққанына қатты мазаланды. «Бір жұтым суға зар болып жатыр ғой. Оған кім күнде сорпа істеп келеді дейсің» дегені бар. Бір асым етін қаладағы қызының үйіне апарады да, қазанға салады. Бір зуала қамырын илеп, жайып, пісіреді де еті мен қамырын жиендерінің алдына қояды. Ал оның сорпасын ғана алып, ауруханаға жүгіреді. Шымкентте тұратын бізге де соғып кететін зыр жүгіріп. Қолында бізге арнаған таба наны мен үлкен-үлкен алқызыл қызанағы бар. «Ауылда мына помидор ағып жатыр. Жеміс-жидектің бәрі пісіп жатыр. Бармайсыңдар ма?» деп назын да айтты сол кезде қатарынан бірнеше күн келген анашым. Алғашқы күні «Алматыдағы Зәкенімнен бір хабар жоқ. Телефонын алмайды. Бір хабар алып беріңдерші» деді. Тұтқаны бізге де ешкім көтермеді. Сөйтсек, ол құрғыры бұзылып қалған екен. Екінші күні хабар алып қалды ма деген үмітпен тағы келген. Сол күні ғой анамды машинаның соғып кеткені. ауылда ағыл-тегіл бау-бақшаның жиын-теріні. Астанадағы ақын қыздан хабар жоқ, бауыры қиналып анда жатыр. Қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірген анам Шымкенттен келе жатып, жолдың арғы бетіне өтемін дегенде, оң жақтан келе жатқан «вилсті» байқамай, апатқа ұшырады да кетті.

Өмірінің соңына дейін бала-шағасына, туған-туысына, бауырына адал болып кеткен Алтын апам осылайша ойламаған жерден қаза болды. «Бәсе, жүрегім сезіп еді. Тым жүгіріп кетті. Маған да қайта-қайта келіп. Қолды-аяққа тұрмағанына қарап, бір пәлеге ұшырайтынын сезген едім» Күнтай апамыздың сөзі осы болды. Әпкесінің қазасынан кейін екі айдан соң ол кісінің денесі де жер қойнына тапсырылды.

Аяқ-қолы балғадай, бойы тік, иманды жүзінен үнемі нұры шашылып тұратын анам сол кезде небәрі алпыс бес жаста екен. Бір жерім сыздап ауырады дегенін естіген емеспіз.

Есіме бір әңгіме түсіп отыр. Түркістан өңірінде аты аңызға айналған Әубәкір қары өмір сүрген. Ол кісінің әулиелігінде шек жоқ. Естуімізше, жарықтық үнемі боқтық сөз араластырып сөйлейді екен. Бұған таңырқаған замандасының бірі «мұның не?» дейтін көрінеді. «Е, қария, боқтық араластырмасам, мені періштелер әлдеқашан аспанға ұшырып әкететін еді ғой» деген екен сонда қары. Әубәкір қарының көзін көрген құшаталық Сұлтанбек Дүйсембеков есімді қайын атамның әңгімесі еді бұл. Расында да «құдайға да жақсы адам керек» деп отыратын емес пе еді үлкендер. Сол айтпақшы, анамды да өте жақсы болғандықтан періштелер алып кетті ма екен ұшырып?!

Тағдыр дейміз. «Ажал айла таптырмас» дейміз. Қалай болғанда да өлген өліп кетеді, артында қалған ары қарай тіршілік етеді. «Өлген жақсы, өлгеннен қалған жақсы» дегенді де қазақ атам айтқан…

Алтын анам! Сіз секілді жаны таза, ақылы көркіне сай, сабырлы да салиқалы адам аз көрінеді қазір маған. Сіз жақсы болған соң ертерек кеттіңіз-ау. Періштелер пейішке алып кеткені анық. Жаныңыз жәннатта болғай. Күрең күз келсе, өмірден өткендерді еске алатын әдетім бар. Себебі олардың көбісі сол қазан айында қайтқан еді…

Гүлжан ӘБІЛДАЕВА.

 

Желіде бөлісіңіз
ЖарияланғанІлмек сөздер

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]БҰЛ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЕМЕС, ҚОРЛАУ немесе 24 миллион талап еткен «замәкім»[:]

Fri Oct 22 , 2021
«Бізге ауқатты инвестор келсе болды, күштік құрылымдар мен бақылаушы органдар соны тексеруге асығады. Үкімет пен Парламент күштік құрылымдардың бизнес ісіне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қоюы керек». (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек). Елімізде балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Үкімет […]