Top.Mail.Ru
МЕРЕЙТОЙЛАР МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРЕДІ

МЕРЕЙТОЙЛАР МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы  қоғамдық   диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің алғашқы Жолдауында өзге өзекті мәселелермен қатар келесі 2020 жылы атап өтілетін мерейтойларға да айрықша тоқталған болатын. Осы орайда ол Әлемнің Екінші Аристотелі атанған даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары туралы айта келе: «Ендігі жылы  Әбу Насыр әл-Фа­ра­бидің  1150 жылдық, Абай Құ­нан­бай­ұлы­ның 175 жылдық мерейтой­ларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырап­шыл­дыққа жол бермей, ғұлама тұлға­ларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ ең маңызды мереке­ге – Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­­ғына байланысты тиісті іс-ша­ра­­ла­рды іске асыру қажеттігін айтқан едіі. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бас болып ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, өнегелілік көрсеткені қандай ғанибет.

Мұның үстіне ЮНЕСКО Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисі – Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойларын келесі 2020 жылы атап өтілетін Халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізгені де  мерейімізді өсіріп отыр. Әлемнің Екінші Аристотелі атанған, 75 тілді емін-еркін меңгерген Әбу Насыр әл-Фараби сынды ғұлама ғалымның – біздің даңқты жерлесіміз екенін біз қашанда  мақтаныш етеміз. Кезінде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына жетекшілік жасаған ғибратты ғалым жерлесіміз Әбсаттар Дербісәлінің мәлімдеуінше, «Ойшылдар Отаны» атанып отырған қазіргі Түркістан облысындағы Отырар ауданынан отызшақты әл-Фараби шыққан екен. Олардың да дүниежүзілік өркениетке қосқан  сүбелі үлесін зерттеу, зерделеу –  келешектің ісі болып отыр.  Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізіледі деген ойдамыз.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын да кең көлемде өткерудің алғышарттары жасалған. Ақын тойын  бірқатар шетелде ұйымдастыру да жоспарланған. Бір ғажабы,  шырайлы шаһарымыздың қазіргі әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов та  Әбу Насыр әл-Фарабидің жерлесі, Отырардың отты оғланы екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Сол себепті болса керек, мегаполис мэрінің игі  бастамасымен Шымкентті шын мәнінде «Ақылды қалаға», «Қайырымды қалаға» айналдырудың алғышарттары жасалуда. Мұның үстінешырайлы шаһарда   осы қос алыптың атын иемденген қос аудан бар. Өзгелермен бірқатарда олар да той көрігін қыздыра түседі деген үміттеміз.

«Бәрін айт та, бірін айт», — дегендей, әрине Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойының Халықаралық деңгейде атап өтілуі күншуақты өңір тұрғындарының абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп отырған ізгілікті де игілікті шара екені даусыз. Осы орайда мұның бәрі  айтулы архитектор ғалым жерлесіміз, Әлкей Хаканұлы Марғұлан атындағы археологиялық институттың директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаев жетекшілік жасаған ғалымдардың ұзақ уақыт бойы, дәлірегі 17 жыл бойы жүрізген жүйелі жұмыстарының нақты нәтижесі екенін жақсы білеміз. Тынбай ізденіп, зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, талай ғылыми еңбек жазып, шетелдік әріптестерінің басын қосқан бірнеше ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіп, Шымкенттің Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Хиуа тәрізді тыс көне қала екеніне көптің көзін жеткізді. Оның бұған қоса-қабат тәбәрік Түркістанның да іргетасы қаланғанына 2200 жыл болғанына дәйек-дәлелдер келтіруде.

Жан жадыратар ағы бір жағымды жаңалық – келесі 2020 жылы  Шымкент — Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасына айналып отыр. Биылғы 9 желтоқсанда Беларусьтың Қаһарман қаласы – Бресттен эстафетаны қабылдап аламыз. Жыл бойына жүзден астам мәдени-көпшілік шараларын өткізу жоспарланған. Шырайлы шаһарымызға туристер ағылып келетін болады. Біздің мақсатымыз – қадірменді қонақтарымызға қонақжайлық пен қайырымдылықтың үлгі-өнегесін таныта білу болып табылады.  Жыл соңында Тәжікстанның астанасы – Душанбеге эстафетаны ұзатамыз.

Мұның сыртында  кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына қараған Жуалы ауданында дүниеге келген, Шымкентте мектеп бітірген Халық Батыры Бауыржан Момышұлының 110, майдангер ақын Тоқаш Бердияровтың 95, «Қазақ вальсінің падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық торқалы тойлары атап өтіледі. Ұлы Жеңістің 75 жылдық даңқты мерейтойымен тұспа-тұс келетін күншақты өңірдің қабырғалы қаламгері Мархабат Байғұттың тойы тағы бар. Ендеше, тойымыз да, онда айтылатын өрелі ойымыз да көп болсын, ағайын демекпіз!

 

                                                                                                                Әбдісаттар ӘЛІП,

            журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер

және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

                                                                                                                 Шымкент қаласы.

Желіде бөлісіңіз
Жарияланған

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]ТУҒАН ЖЕР МЕН ТУҒАН ТІЛ ДӘРІПТЕЛУДЕ[:]

Sat Dec 7 , 2019
Қазақстан Республикассының Түңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын  сапалы іске асыруда жолында Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Жанар Әлібекқызы Бектаева ханым басшылық жасайтын бұл басқармада жыл бойына атқарылған ізгілікті де игілікті тірліктер өте көп. […]
Top.Mail.Ru