Сыбайластықтың жолын кесуге бағытталған «1424» фильмі көпшілік назарына ұсынылды

Түркістанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен жарық көрген «1424» қысқаметражды фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Жаңа туындының тұсаукесеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, өз бағасын берді. Адал жолға үндейтін жоба ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің идеясы негізінде түсірілген. Негізгі мақсат – қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайту және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыру, әрі халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластықтың жолын кесу. Барлық рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері сомдап шыққан. Үш апта көлемінде түсірілген жаңа туынды көпшілік көңіліне терең ой қалыптастыра білді. Көрсетілім соңында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев аталған фильмде белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық жолда шарықтай берулеріне тілектестік білдірді.

«Жемқорлық – әлемнің кез-келген елінде кездесетін дерт. Онымен күресті мектеп қабырғасынан бастау керек. Өскелең ұрпақ жастайынан жемқорлықтың жаттығын жадына сіңіріп өскенде бұл індеттің тамырына балта шабуға болады. Сонда психологияны өзгертеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің де жағдайын жан-жақты жақсарту керек. Елімізде жеке мақсаттарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік билікті пайдаланатындармен күрес күшейіп келеді. Елбасының талабы мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмасы да осыған саяды. Түркістандай киелі жер жемқорлықтан мүлдем жат болуы тиіс», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Пайдакүнем пенделердің сірескен ой-санасын сілкінтуге сеп болатын «1424» фильмі алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала-аудан көрермендеріне жол тартады.

Айта кетейік, фильм атауына ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Call-орталығының нөмірі негіз болған.

Желіде бөлісіңіз
ЖарияланғанІлмек сөздер

"Әділет.тв" ақпараттық агенттігі

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Балаларға арналған Шымкент қаласы әкімінің шыршасы өтті[:]

Tue Dec 24 , 2019
Шымкенттегі «Оқушылар» сарайында «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!»  атты қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды 250 оқушы қатысты. […]