Оқиға салдарынан 40-тан астам адам жарақат алды.
Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылындағы жаппай төбелестен 8 адам қайтыс болды. Қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адам ұсталды. Бұл туралы бүгін арнайы брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
«Кеше Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген ақпарат келіп түсті. Сол жерде болғандар төбелесті видеоға түсіріп әлеуметтік желіге таратты. Нәтижесінде, басқа да ауылдардан 300-ден адам келіп, төбелеске қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, қару қолданған. Оқиға салдарынан 8 адам қайтыс болды. 40-тан астам адам жарақат алды. Арасында қарудан зардап шеккендер де бар», – деді ол.
Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына қосымша күш жіберілген. Адам өлімі, бұзақылық бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
Таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы жаппай төбелесте адам шығыны бар екенін мәлімдеген. Жағдайды бақылауға алу үшін вице-премьер Бердібек Сапарбаев басқаратын Ұлттық комиссия құрылған.
«Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды.
Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады»,- делінген Ақорда сайтында.