Асыл ақыл-ойдың алыптары

Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының рухани мұраларының өзара үйлесімі

Қазақтың киелі топырағы, Ұлы Даласы қашан да, қай кезең мен дәуірде де заманының заңғар тұлғаларынан кенде болмаған. Қай ұлт болмасын өткен тарихынан, тұлғаларынан нәр алып, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам баса алатыны ақиқат. Себебі, кез келген ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың алар орны ерекше. Міне сондай ұлы тұлғалар қатарында қазақ руханияты шыңының бір басында бүкіл шығысты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Осындай ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.

Қазақстан халқы 2020 жылы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтпек. 2019 жылдың26 тамызында Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің ел Президент ретінде 2019 жылы 5 қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы жолдауында:

«Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап өткен болатын.

Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының бұл мерейтойлары – халқымыз үшін, елдігіміз үшін үлкен сын, ұлт пен болашақ алдындағы тарихи жауапкершілік, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұраларын ұлықтау жұмыстарын мемлекет пен ұлттың құндылықтарына деген шынайы қатынас ретінде бағалауымыз керек.

Ғұлама ғалым Әлкей Xақанұлы Марғұланның айтқанындай: «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы». Қазақтың бағына біткен майталман тұлғалары Әл-Фараби мен Абай әр дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің артында қалдырған еңбектері мен жазбаларында айтқан даналық, ғибратты сөздерінің арасында үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды, өздері айтқан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғамдары халқымыздың үлкен мұрасы.

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз көне қала Отырарда 870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы Шамда (Дамаск) қаласында көз жұмған. Ғұлама бабамыз 160-тан астам трактат жазып, төрткүл әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерген екен. Ең танымал еңбектерінің қатарына «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты жазбасы кіреді.

ЕЖЕЛГІ ОТЫРАР ҚАЛАСЫ.
ЕЖЕЛГІ ШАМ (ДАМАСК) ҚАЛАСЫ.

Ұлы бабамыздың қазақ топырағында дүниеге келгенін қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында:

«Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелді» – деп атап өткен еді.

Ал, Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. 1904 жылы дүниеден өткен.

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ, АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ.

Біз бүгінгі тақырыбымызға арқау етіп отырған Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының өмір сүрген дәуірлерінің арасында едәуір айырмашылық бар. Шамамен Х ғасыр (1000 жыл). Ал, бірақ бұл екі тұлғаның еңбектері мен ұстанымдарында, рухани тұтастығында қандай байланыстар бар, соны саралап көрейік.

Қазақтың ен даласы, шығыс-түркі мәдениеті – бұл Әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, қайнарбұлақ, олардың арасын жалғастырар арқау, үндестік, кейбір идеяларының бір-біріне тіл қатып тұрғандығы, байланыстылық болғанын растайды.

Абай жастайынан оқу-білімге құштар болып, Шығыстың ұлы ақындары Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жами, Сағди, Науаи, Сәйхали тағы басқа да алыптардың сиқырлы әуез, биік рух, қиыннан қиындасқан шынайы шеберліктің үлгісіндей ғажайып поэзиясының аясында тәрбиеленіп, өмір бойы солардың дәстүрінен қол үзген емес. Өйткені, Шығыстың ойшыл ақындары адамның табиғатын тереңнен ұғатын ерекше қасиеті, оның болмысына, рухани жан дүниесіне ерекше әсер етті.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов бір естелігінде:

«Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар, олар: біріншісі қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті-өнері, екіншісі орыс мәдениеті, сол арқылы Батыс мәдениеті, үшіншісі араб мәдениеті», деген екен.

Әл-Фараби: «Әрбір адамның әлемде (дүниеде) өз орны бар», десе Абай оны өз өлеңінде былайша жаңғыртады: «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!», деп ұрпақтың ел өмірінде елеулі орын алатынын шегелеп айтқан.

Әбу Насыр әл-Фараби өте қарапайым өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі үлкен ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса Сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбу Насыр былай деп жауап берген екен:

«Егер мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!»

Осы орайда ақын Абай Құнанбайұлы да «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлең шумақтарында:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, деп менмендікке берілмеу керектігін ескертеді.

«Әл-Фараби және Абай» проблемасын зерттеумен шұғылданушы А.Машанов екі ойшылдың арасын өзара сабақтастықпен жалғастырады. Әл-Фарабидің философия, музыка, жаратылыстану ғылымдары туралы трактаттарына кеңірек тоқталған мұсылман-діншіл Шахабутдин Маржани деген пікірге келеді. Ш.Маржанидің шәкірттері Абайға медреседе оқыған жылдарында дәріс берген. Абайдың Маржаниды көп оқығаны жөнінде мәліметтер бар.

Шахабутдин Маржани (1818—1889)

Зерттеуші ғалым А.Машанов 1989 жылы жарық көрген «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде:

«Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек… Ал, осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер істелгені рас. Бірақ бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ оның барын анық сезсек те оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз», – дейді.

Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабиден мұра боп қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қа­рас­тыруға әрекет жасайды. Көне фило­соф Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда та­буды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, әрі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындарының тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқа­сы, философ ғалым ғылым жетіс­тіктері мен билік әдістерін неғұр­лым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он бір ғасыр бұрын ай­тып-жазып кеткендері әлі де ма­ңыз­ды болып көрінеді. Билік басына  келген  адам өзі де, жан-жағы да,  ары да  тап-таза болып тұруы керек.

Дана Абай да өз заманындағы әділетсіз билікті өткір сынға алады. Сонымен қатар халықтың мерейін тек өнер-білім ғана ұшпаққа шығаратынын талай өлеңдеріне арқау еткенін жақсы білеміз.

Сондай-ақ, қос ғұламаның да көзқарастары әлем құрылысын тану үшін, оны іздеп табу үшін саналы ой, ақли парасат керек, әр затқа есім беріп есебін айыру керек, ақли парасат сол деген ұстанымдары бір арнада тоғысады. Сонда ғана сенің атың адамдық есім, оны танымасаң, сен надансын, жаһли басқа жануарлар қатарындасың, яғни солардың адам суретіндегі түрісің-мешінсің-маймылсың. Сондықтан да Әл-Фараби бабамыз:

«Ақли көзбен қарасаң,

Дүние ғажап, сен – есім,

Жаһли көзбен қарасаң,

Дүние қоқыс, сен – мешін», – десе Абай да дүниені Әл-Фарабише түсінген, дүние ғажап құрылыс, онда әркімнің, заттың лайықты жарастық орны бар. Сен соны іздеп, өз орныңды анықтап тап дейді:

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан», – дейді.

Әл-Фараби мен Абай өз ойларын әртүрлі сөзбен жазса да, олардың мағынасы бір-бірімен астасып жатыр. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін оқыған адам өмірін босқа өткізбесі анық. Себебі, олардың әрбір жолдары мен шумақтары парасаттылық пен ақылдылыққа, бір сөзбен айтқанда, өмірді лайықты сүруге үйретеді. Абайдың өлеңдерінен ар-ұят, еңбек, намыс, адамгершілік ұғымдарын жиі кездестіруге болады. Мысалы, «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп аталатын өлеңінде ел кезіп уақытын қыдырысқа өткізіп жүрген адамдар жайлы айтады. «Ғылым таппай мақтанба» деп аталатын өлеңінде адамның неден асық және неге қашық болу керек екенін нақты көрсетеді. Сонымен қатар әр пенденің өмірде өз орнын табуы тиіс дейді, заманауи сөзбен айтсақ, әр тірі жан иесі өзіне ұнайтын салада қызмет етіп, өз елінің дамып көркеюіне үлесін қосқаны абзал. Бұл біз жоғарыда атап өткен Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінің мазмұнымен ұштасып жатыр.

Әл-Фараби әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Әл-Фараби: «Әзілқойлық – әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу», – деп жазады. Данышпанның осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай өзінің «Төртінші қара сөзінде» жетілдіре түседі: «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек», – деп, Әл-Фарабидің көзқарасын қуаттап тұрғандай. Қазір теледидарларда  арзан күлкі  шектен тыс  көп беріледі, көбісі  анайы, жабайы, ұлттық ұят, ар-намыстан жұрдай. Ойлы, салиқалы, тәрбиелік  маңызы зор хабарларға  халықты  рухтандырмай ма?

Әл-Фараби өздігінен көп оқып, философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 160-қа тарта трактат жазып қалдырды. Философ ғалым адамды өз болмысын өзі танып білуге тәрбиелеу ісіне үлкен мән берді. Бұл мәселені логикалық, этикалық, педогогикалық, тілдік тұрғыдан кеңінен саралап, оларды бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырады. Рухани жоғарғы мақсат нышандарын адамдарды өзара байланыстыратын бастаулардан — жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздестіреді. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» атты философиялық еңбегінде қайырымдылық – ақыл-ой, әділдік, бақыт және теңдік идеяларын құптаған ежелгі ойшылдар дәстүріне сүйенді. Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті.

Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты философиялық еңбегінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», – дейді. Оның «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші қара сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» – депті деген қорытындыға келеді.

Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай Ақыл мен Қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары Әл-Фарабидің интеллект (зияткер) туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес. Ғылым  мен білімді дамытып, ерекшет көңіл бөлгенде ғана – еліміз  көркейіп, қарыштап алға  басатынын ғұламалар қалай  көрегендікпен айтқан десеңізші.

Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Ол өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зертеу нысаны  – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт. Сонымен қатар ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады. Ақыл мен Адамгершілік, Қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді.

Сонымен қатар Абайдың қара сөздерінде де, Әл-Фараби айтып кеткен ойлар өзара сабақтасады. Абайдың қара сөздері тұнып тұрған философиялық ой. Сол себепті де «философиялық трактаттар» деп айтуға әбден болады. Оған сөзіміздің дәлелді болуы үшін зерттеуші Ә.Дастанұлының бірнеше негіздемелерін ұсынамыз:

Біріншіден, Абай бұл еңбегінде жан, ой, дін, ынсап, ләззат, ақыл, түйсік, ғылым, білім, құмарлық, еңбек, талап, ұят, ар, намыс, махаббат, қайрат, ашу-ыза, қуат, тағы басқа көптеген философиялық категорияларды қағаз бетіне түсіріп, философиялық әдіспен терең талдап, түсіндірген адам. Сондықтан Абайдың бұл шығармасын ешбір талассыз философиялық тракттат дейміз.

Екіншіден, Абай поэзиясын философиялық трактат деуге нақтылы дәлел мынау: Абай Әл-Фарабиден кейін, арада мың жыл өткен соң қазақ топырағында екінші болып Сократ, Платон, Аристотель, Аристодем еңбектерін терең үңіле оқып, оларға өзінше интерпретация жазған адам. Бұған дәлел ретінде Абайдың «жиырма жетінші қара сөзін» оқып көрсек болады. Сондықтан бұл шығарманың философиялық трактат деуіміз әбден дұрыс болмақ.

Үшіншіден, осы еңбектің жалпы жазылу, баяндау, таңдау, дәлелдеу стиліне ой жіберіп қарасаңыз, әлемге әйгілі философтар – Ғазали, Ибн Рушд,  Ибн-Синаның стиліне өте ұқсас. Қарапайым тілмен әңгімелеу, баяндау, түсіндіру тәсілімен жазылған. Бірақ терең ой, тартымды теңеу, тағылымды сөздер оқырманды қызықтырып отырады. Бұл да шығарманың философиялық еңбек екеніне бұлтартпас дәлел.

Қорыта айтқанда, қазақтың маңдайына біткен мың жылда дүниеге бір келер алып даналардың рухани тұтастығының бұзылмас тұғырнамасын жасауымыз қажет. Әл-Фарабидің трактаттарында да, Абайдың қара сөздерінде де – Білім, Мейірімділік, Сұлулық үшеуінің бірлігі басым.Бұл екі ғұламаның гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Олар ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы кезеңдер аяққа тұру мен эканомиканы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен есте қалды. Міне, енді экономикалық тұрғыдан әлемнің дамыған өркениетті елдерімен тең деңгейде иық тіресер сәтте біз өзіміздің рухани байлықтарымыздың Әл-Фараби мен Абай секілді жауһарларын әлемге паш ете алуымыз керек деп ойлаймыз.

Осы орайда мемлекет басшысының қолға алып отырған тұлғаларымыздың мерейтойларын биік дәрежеде атап өту ұлт тарихындағы рухани серпіліс болады деп сенеміз. Ал, бұл дүбірлі рухани аламанда әркім өз деңгейінде сүбелі үлес қосу – адамдық һәм азаматтық борышымыз екенін ұмытпайық!

 

                                                                                                                  Нағашыбек  ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

                                                                            ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру  орталығының 

бас ғылыми қызметкері, жазушы.

Қонаев  университетінің   профессоры.

 

Желіде бөлісіңіз
ЖарияланғанІлмек сөздер

Гүлнұр Байдуллаева

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі жазба

[:kz]Биыл Абай мен Әл-Фарабиге арналған екі телеарна ашылады[:]

Thu Feb 13 , 2020
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ойшылдарға арнап екі арна іске қосылатынын айтты. Министрлік биыл «Абай» және «Әл-Фараби» атты екі жаңа телеарна ашуды жоспарлап отыр. «Абай» телеарнасының мақсаты – көрерменге ұлттық мәдениеті насихаттау болмақ. Телеарна туындысы 14 жастан асқан көрерменге арналады. Хабарды 80% мемлекеттік тілде, 20% орыс тілінде таратады. […]