0.3 C
Shymkent
13 марта, 2026
adilettv

ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР САНЫ АРТУДА

Шымкент қаласында жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық көлік қызметін жаңғырту, жаңа автобустарды іске қосу және қалалық инфрақұрылымды күтіп ұстау – қаладағы көлік жүйесін дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

15 наурыз күні елімізде жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Осы күні қаладағы барлық бағыттағы қоғамдық көліктерде жол жүру тегін болады. Бұл шешім тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне мүмкіндік беру мақсатында қабылданған. Сонымен қатар, Шымкент қаласында жолаушылар тасымалы сапасын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта №42 және №70 автобус маршруттарына жаңа Yutong маркалы автобустар шығарылды. Резервтік құрамды қоса алғанда, жаңа қоғамдық көліктердің жалпы саны 30 автобусты құрайды.
Жолаушылар сыйымдылығы 65-тен 85 адамға дейін жететін автобустардың техникалық сипаттамалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Қоғамдық көліктер желдету жүйесімен, электронды бағыт көрсеткіштерімен, GPS бақылау жүйесімен, алты бейнебақылау камерасымен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған механикалық пандуспен жабдықталған. Сондай-ақ жүргізушінің жұмыс орны арнайы қоршаумен бөлінген.
Қоғамдық көлік желісін дамыту аясында №8 маршрут 5 жаңа автобуспен жаңартылды.
Бұдан бөлек, №5 маршрут Құрсай шағынауданындағы Аққыстау көшесіне дейін ұзартылды. Жалпы, ағымдағы жылы 20-дан астам маршруттағы автобустарды жаңарту жоспарланып отыр. Қала әкімдігі тарапынан саладағы бәсекелестікті арттыру, жаңа тасымалдаушы компанияларды тарту және қызмет сапасын жүйелі түрде жақсарту бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, соңғы уақытта қала аумағында қоғамдық инфрақұрылым нысандарын қасақана бүлдіру деректері де тіркелуде. Атап айтқанда, аялдама павильондарын бүлдіру, яғни вандализм фактілері орын алып отыр. Ортақ пайдалануға арналған қалалық мүлікке зиян келтіру тұрғындарға қолайсыздық туғызады.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде аялдама атаулары, жарықшамдары және ақпараттық таблолары бүлінген 22 аялдама павильоны анықталды. Мұндай жағдайлар Сайрам көшесі, Жібек жолы көшесі, Байтұрсынов көшесі, М.Дулати көшесі, Гагарин көшесі, Темірлан тас жолы және өзге де көшелер бойында тіркелген. Осыған байланысты қала тұрғындары ортақ мүлікке ұқыпты қарап, қоғамдық орындардағы тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырылады. Қала мәдениеті – әрқайсымыздан басталады.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

В Шымкенте прошло совещание по обсуждению Послания Главы государства

AdiletTV

Шымкент қаласы: Абай АПБ ЖПҚ №5 тірек пунктінде «Қарасора» іс-шарасы бойынша есірткі қымысына қарсы бірқатар заңсыздықтар анықтаған.

AdiletTV

АҚОРДАДА ЭСТОНИЯ ПРЕЗИДЕНТІН САЛТАНАТТЫ ҚАРСЫ АЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз