«ҚазАгроҚаржы» АҚ су тапшылығы сезілетін өңірлерді қолдау мақсатында су үнемдеу бойынша жаңа лизингтік бағдарламаны іске қоспақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бөлінетін қаржыландыру сомасын ұлғайтты.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізі, мыңдаған отбасының табыс көзі. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, заманауи технологиялар арқылы бәсекеге қабілетті аграрлық сектор қалыптастыру», – деп атап өтті спикерлер.

2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «ҚазАгроҚаржы» тарапынан өңір экономикасына шамамен 103 млрд теңге инвестиция бағытталған. Осы кезең ішінде жалпы құны 74 млрд теңге болатын 6800-ден астам техника лизингке беріліп, шаруалар техникалық паркін жаңартуға мүмкіндік алды.
Компания 2026 жылы Түркістан облысына 19 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 7,1 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып үлгерген. Бөлінген қаражаттың басым бөлігі көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге бағытталады.
— «Жеңілдетілген лизинг»: Сыйақы мөлшерлемесі – 5-6%, мерзімі – 7 жылға дейін, авансы – 0%-дан басталады.
— «Қазақстанда жасалған»: Отандық техника үшін 6%-дық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі.
— «Өз жем-шөбіміз»: Жем-шөп дайындау техникасына 6%-бен 10 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.
— «Агролизинг»: Компанияның өз қаражаты есебінен 12,6%-бен берілетін, субсидияланбайтын техникаларды да қамтитын кең ауқымды бағдарлама.
«Біз Түркістан облысының фермерлеріне қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра береміз. Сіздердің еңбектеріңіз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
