4.3 C
Shymkent
2 марта, 2026
adilettv

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІН АЛҒЫС АЙТУ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл мереке халықтың бірлігі мен өзара құрметін, ынтымағын айқындайды.

Түркістан облысында мереке қарсаңында әскери қызметшілер дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратовтың шаңырағына барды.

Ардагердің үйінде Түркістан облысы Ордабасы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Бақдәулет Ташпулатов орынбасарымен бірге болып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хатын табыс етті. Құттықтауда ардагерлердің ерлігі мен жанқиярлығы ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны атап өтілді.
Қонақтар бүгінгі Отан қорғаушылар буынының атынан Қалмен атаға ризашылықтарын білдіріп, қанша жыл өтсе де майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Биыл ардагер 102 жасқа толды.
Қалмен Муратов көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғыс айтып, тәуелсіз Қазақстанға бейбітшілік, тұрақтылық және өсіп-өркендеу тіледі.
– Еліміздің аспаны әрдайым ашық болсын. Бүгінгі ұрпақ бақытты, себебі ол бейбіт елде, тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатыр,– деді ол.
1942 жылы Қалмен Мұратов Аягөз қаласындағы кіші командирлерді даярлау курсына жіберіліп, оны аяқтаған соң «сержант» әскери атағын алды. Майданға сұранғанына қарамастан, ол біраз уақыт жас сарбаздарды оқыту үшін қалдырылды. Кейін алғы шепке жіберіліп, Беларусь майданы құрамында шайқасты.
1944 жылы Витебск түбіндегі ұрыста жараланып, II топтағы мүгедек болып елге оралды. Оның жауынгерлік жолы «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Соғыстан кейін Қалмен ата ұзақ жылдар «Бөржар» колхозында бригадир болып еңбек етті, кейін теміржол саласында қызмет атқарды. Жұбайымен бірге алты ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер 31 немере мен 34 шөберенің ардақты атасы.
Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ЖӘНЕ II-ШІ ПІКІРТАЛАС АЛАҢЫ ӨТКІЗІЛДІ

AdiletTV

ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

AdiletTV

Город Шымкент: человек труда -ЖАНДОС БЕЙСЕНОВ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз