3.3 C
Shymkent
13 декабря, 2024
Ақпарат

ОТЫРАРДА ЕГІЛГЕН СЕКСЕУІЛДЕР ҚҰМ КӨШКІНІНЕ ТОСҚАУЫЛ БОЛЫП ЖАТЫР

Облыста 2025 жылға дейін 110 мың 210 гектар алқапқа 170 млн көшет егу жоспарланған. Осы бағытта өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Отырар ауданында орманды молайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, биыл құмды аймақты жасыл желекке айналдырып отыр. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылып, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар көбейе түскен. Осы орайда журналистер облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында сексеуіл алқабымен танысып қайтты.

Сапар барысында орман шаруашылығына байланысты атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар айтылды. «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» орман шаруашылығы таныстырылып, сексеуіл алқабы көрсетілді. Ең алдымен журналистер өткен жылдың көктемінде аумағы 15 гектар жерге 2 мың тоннадан аса қара сексеуілдің ұрығы себілген «Байырқұм» орманшылығындағы тұқымбақта болды. Мұнда қазіргі таңда сексеуіл 10-12 см бой көтеріп тұр. Келесі жылы бойы 25-30 см боп өскен соң, сексеуіл көшеттері қазылып алынып, арнайы дайындалған жерге отырғызылады. Жалпы жылына 10-15 см бой көтереді.

Табиғат қорғаушылардың айтуынша, сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор екен. Ең алдымен құмның көшуін тоқтатады. Себебі, 2-3 метр тереңдікке бойлаған тамырының өзі-ақ дала құмының жылжуына тосқауыл болады. Алайда ол өте баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс екенін жеткізеді.

Жалпы сексеуіл ағашы құмды өңірде көп өседі. Табиғаты шөлді, жері құмды келетін аймақтарға тез жерсінеді екен. Елімізде сексеуілдің үш түрі бар. Түркістан облысында соның екеуі кездеседі. Ақ және қара сексеуіл. Ал қара сексеуілдің көп бөлігі осы Отырар ауданында өседі. Отырардағы орман қоры жері 4 орманшылыққа бөлінген. Атап айтқанда, Балтакөл, Байырқұм, Шәуілдір, Қаратау орманшылықтары.

Айта кетейік, облыста сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етеді.

Бөлісу

Related posts

Семейде педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды

AdiletTV

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫ ТУРИЗМ БАҒЫТЫМЕН ҮЙЛЕСТІРЕ ДАМЫТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Денсаулық бұрышы: дәрігерлер сауда орталықтарында қабылдау өткізуде

AdiletTV

Leave a Comment