25.3 C
Shymkent
19 июля, 2024
Ақпарат

Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін марапаттады

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтті. Оған республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты деп жазады https://www.akorda.kz/

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті.

– Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық реформаларға арнайы тоқталып, осындай тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге журналистер қауымы зор үлес қосып келе жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық секілді бес әлеуметтік кесел туралы мәселе көтергенін еске салып, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан заңнамалық және идеологиялық жұмыстар жөнінде айтты.

Президенттің пікірінше, елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық етеді. Прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы мен қоғамда экологиялық сана қалыптастырудың мән-маңызы туралы айтты. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу, экономиканы әртараптандыру, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен мәлімет берді. Бұдан бөлек, Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы, Атом электр станциясын салу мәселелері жөнінде пікір білдіріп, журналистерді осы маңызды істерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға шақырды.

Президент елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өскенін, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болғанын атап өтті.

– Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент Әділетті Қазақстан құру бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау екенін мәлімдеді.

– Мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта. Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысқанын, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтіп, аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне тоқталды.

Жиында бірқатар журналиске Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары, гранттары және Алғысы салтанатты түрде табысталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Президент сөзінің соңында былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналғанын, бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Бөлісу

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ҚХА СЕССИЯСЫНДА ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАР ҚАМТЫЛДЫ?

БАЛАЛАР ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ ЖАҢА СЕРУЕН АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ

AdiletTV

ОҚУШЫЛАРҒА 22 ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

AdiletTV

Пікір қалдырыңыз