-7.7 C
Shymkent
12 декабря, 2024
Денсаулық

Түркістан облысы: Ордабасы аудандық ауруханасында уролог Нұрсұлтан Жәнібеков бедеуліктің себептерін айтты.

Бедеулік — 12 айдан кем емес уақыт ішінде тұрақты жыныстық қатынас кезінде бала сүйе алатын жастағы жұптарда баланың бітпеуі. Тұрақты жыныстық қатынас деп аптасына екі реттен кем емес жыныстық қатынасты айтады.
Әлемдік статистика бойынша 8% кем емес жұптарда бедеулік мәселесі кездеседі. Қазақстандық дәрігерлер 16% деген көрсеткішті беріп отыр. Соңғы уақытта әйел және ерлердің бедеулігінің кездесу жиілігі бойынша теңестірілуі байқалуда.
Бедеуліктің абсолюттік және салыстырмалы түрлері ажыратылады. Абсолюттік бедеуліктің себептері — репродуктивті ағзаның болмауы немесе жойылмайтын деформациясы (мысалы, жатырды алып тастау). Салыстырмалы бедеулік ем нәтижесінде жойылуы мүмкін.
Біріншілік бедеулік – бір де бір жүктіліктің болмауы. Екіншілік бедеулік – кем дегенде бір жүктіліктен кейін анықталған бедеулік.
ДИАГНОСТИКАСЫ
«Бедеулік» диагнозын қою және ем тағайындау үшін әйелді де, ер адамды да қарап тексереді. Дәрігер-репродуктолог УДЗ, гистеросальпингографияға, гормондар деңгейін анықтайтын сараптамаға, спермограммаға және т.б. жолдама береді. Зерттеу қорытындылары бойынша қажет болған жағдайда ер адам андролог немесе урологта, ал әйел репродуктолог немесе гинекологта ем қабылдайды.
КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ
Бедеулік белгілері – жүктілікті болдырмайтын дәрілерді қолданбай, тұрақты жыныстық қатынастан кейін 1 жылдан соң жүктіліктің болмауы.
АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
Жүкті болуда туындаған қиындықтар кезінде өз бетімен емделу денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі және патологияны одан әрі өршітуі мүмкін. Шөптерден немесе тұқымдардан жасалған түйіршіктерді қынапқа енгізу, жатырды жылыту, қайнатпаларды ішу сияқты «халық» тәсілдерінің әрі кетсе пайдасы болмайды, тіпті олар ішкі ағзаларды зақымдайды немесе ағзаның басқа да жүйелерінің бұзылыстарын шақырады. Бедеулікті сәтті әрі қауіпсіз емдеу тек дәрігер бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
ЕМІ
Бедеулікті емдеу оның себебіне байланысты. Әдетте дәрігер-репродуктолог, гинеколог, андрологтар қабыну ауруларымен күреседі, гормональды жағдайды реттейді, қажет болған жағдайда инсеминация немесе экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) сияқты технологияларға жүгінеді.
Көп жағдайда бедеулік кезінде хирургиялық ем қажет болады. Мысалы, фаллопий түтігінің немесе ерлерде шәует шығаратын түтіктің өткізгіштігін қалпына келтіру, ісіктерді алып тастау, варикоцелеге қатысты ота.
Абсолюттік бедеулік кезінде суррогат ана немесе баланы асырап алуды қарастырған жөн болады.
Бедеу неке –бір жыл барысында контрацепция әдістерін қолданбай, тұрақты жыныстық өмір сүретін және бала туа алатын жастағы зайыптыларда жүктіліктің жоқтығы.

Соңғы жылдары бедеу неке санының өсуі байқалады. Бедеу некелердің көбею себептері әртүрлі болып келеді.

Бүгінгі күні бедеу некелер саны 10-нан 20 %-ға дейін ауытқып отыр, бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша мәселенің мемлекеттік деңгейін көрсетеді.

Бедеу некелердің нақты саны дәрігерлерге жүгінгендер туралы мәліметтерге қарағанда екі есе көп. Бедеулікке апаратын гинекологиялық аурулары бар әйелдердің барлығы дерлік мамандарға қаралмайды. Әйтпесе аталған ауруларды уақытында анықтау және емдеу бала тууды 10-30-%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берер еді. Бұл жәйт патологияларды белсенді анықтаудың рөлін айғақтай түседі.

Орын алып отырған экономикалық, экологиялық және әлеуметтік жағдайға байланысты қазіргі қоғамда аз балалы отбасы құру ұстанымы қалыптасты, алайда халықтың оңды өсімі үшін отбасында кем дегенде үш бала болуы қажет. Сол себептен бүгінгі күні халықтың төмен өсімі байқалады. Бала туудың төмендеуінің маңызды себебі бедеу некелердің көбеюі болып табылады. Оларды жою арқылы бала тууды 7-10%-ға дейін көбейтуге болар еді. Бұл үшін бала туу жүйесі ауруларының алдын алуды дамыту керек.

Зайыптылар бедеулігі құрылымында шамамен алғанда 75% — әйелдер, 45%- еркектер, 22%- екеуінің бедеулігі орын алады. Яғни, зайыптылардың екеуін де тексеру және емдеу керек, ер адамдарға да көңіл бөліп, андрологиялық қызметті гинекологиялық қызметпен біріктіріп, көп бейінді орталықтар құру қажет. 97,9% жағдайларда бедеулік себебін анықтауға болады, яғни, қазіргі кездегі диагностика арқылы емдеуге де болады. Осы тұста патологияларды белсенді анықтау және диагностикалық қызметті жетілдіру, сонымен қатар халықтың өз денсаулығына немқұрайды қарамай, дәрігерге жүгінуді көбейту мақсатында медицина ұйымдарына сенімділікті күшейту маңызды болып табылады.

Бедеулік құрылымында зайыптылардың екеуінің қабыну аурулары, әйелдердің эндокриндік патологиясы, ер адамдардың варикоцеле және зайыптылардың иммунологиялық сәйкессіздігі негізгі рөль атқарады. Осы себептерді білу дұрыс диагностикалық тексеруден өтіп, бедеулік себептерін уақытында жоюға мүмкіндік береді. Әйел адамдардың қабыну ауруларының салдары жатыр түтіктерінің өткізбеуін, тарылуын тудырады және 30 %-ға дейін бедеулік себебін құрайды. Бұл патологияны емдеу қиындық тудырады, сондықтан жыныстық жүйенің қабыну ауруларының алдын алу және уақытында тексеру қажет (диспансеризация және профилактикалық тексерулер тиімділігін арттыру, халықтың медициналық сауатын өсіру қажет).

Жыныстық мүшелердің қабыну ауруларының 38% қоздырғыштары – хламидиялар, 25 % — микоплазмалар болып табылады. Созылмалы ауру белгілерінің көзге көрінбеуі және емдеу қиындығы қауіп тударыды. Бұл аурудың соңы – бедеулік, оның ішінде «түсініксіз генез» деп аталады.

Бұл мәселе зерттеуді және шешім қабылдауды талап етеді, өйткені оның өзектілігі дәлелденіп отыр.

Біздің елімізде жыныстық мүшелердің қабыну ауруларының саны көп, олардың бедеулік құрылымындағы рөлі үлкен болып табылады, алайда әлемде бұл ауруларды анықтау және олармен күресу жолға қойылып отыр. Бұл бедеулікке қарсы күресті жақын арада дамытуға мүмкіндік береді.

Ер адамдардың бала кезінде ауырған ауруларының, оның ішінде жіті респираторлық вирусты жұқпалары, диспепсиялар, қызылша ауруларының болашақта бедеулік тудыратын әсері анықталды. Бұл бала кезінде туындайтын инфекциялық ауруларға көбірек көңіл бөлуді, олардың алдын алуды, тексеруді және емдеуді талап етеді.

Иммунологиялық сәйкессіздік бедеуліктің басқа себептерімен үйлесуі мүмкін. Бедеулік себептері жойылса да, иммунологиялық сәйкессіздік сақталады, ал бұл емдеудің тиімділігін жояды. Сондықтан бедеуліктің қандай себептері орын алса да, әйел адамдардың антиспермалық антиденелерін анықтау қажет. Екінші мәртелік бедеуліктің негізгі себептері аборттан кейінгі қабынулар болып табылады. Әсіресе алғашқы жүктілік абортының салдары аса ауыр болады. Сондай-ақ аборттар үлкен экономикалық нұқсан келтіреді. Екінші мәртелік әйелдер бедеулігінің алдын алу аборттарға қарсы күреске, контрацепция құралдарының тиімділігі мен қолжетімділігін ұлғайтуға, жастардың медициналық сауатын арттыруға, өнегелік және сексуалды мәдениетті дамыту мақсатымен отбасы мен мектептерде балаларға тәрбие беруге бағытталуы тиіс.

20-29 жас тобындағы бедеу болып табылатын әйелдер – бала туу үшін ең қолайлы жастағы әйелдер болып табылады. Жастарға көп көңіл бөліп, патологияларды белсенді анықтау қажет.

Кәсіби факторлардың, қоршаған орта зияндығының бедеулікті тудыруға әсер етуі дұрыс еңбек жағдайын тудыруға зейін қоюды, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауды, кәсіпорында акушер-гинекологтың белсенді жұмыс жүргізуін, профилактикалық тексерудің тиімділігін арттыруды, статистика жүргізуді және өндірістің зиянды факторларының бала туу жүйесіне әсерін зерттеуді талап етеді. Бедеулік қауіпі туралы жеке бір адам үшін болжам жасауға болады, яғни, бедеуліктің дамуын шамалап бағалауға, тиісінше оның алдын алуға, диагностикалық тексерудің бағытын тарылтып, адамды диспансерлік бақылауға алуға болады және т.б. Бедеулікті нақты емдеудің тиімділігі өте аз (әйелдерде — 10%, еркектерде – 5-7%). Бедеуліктен емделген әйелдерде жүктілік пен босану кезінде асқыну ауруларының туындау қауіпі жоғары болады. Бұл бедеуліктің алдын алудың маңыздылығын тағы айғақтай түседі, сонымен қатар, емделіп кеткен (жүкті болған) әйелдерге бақылауды күшейтуді, бедеулікті емдеу қызметі мен емделіп кеткен әйелдерге босануға көмек көрсету қызметін біріктіруді, жүктілік пен босану кезіндегі асқыну ауруларының алдын алу мүмкіндігін іздеуді талап етеді.

Некедегі бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді әдісі оның алдын алу болып табылады. Бедеулікті емдеуге қарағанда бедеуліктің алдын алу бала тууды көбейтіп қана қоймайды, сондай-ақ, жүктілік пен босану кезіндегі асқыну ауруларының санын азайтады, отбасындағы психологиялық келіспеушіліктердің салдарына, ажырасуларға, ауқымды экономикалық нұқсандарға шек қояды, медициналық қызметтердің жұмсайтын күші мен қаржысын азайтуға мүмкіндік береді.

Халықтың, әсіресе жастардың медициналық және сексуалды сауаттылығын тәрбиелеу, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, құпиялылықты сақтау, контрацепция тиімділігі мен оған қолжетімділікті арттыру және жеке профилактика жүргізу – бұл денсаулық сақтау және медицинаға сенім арту ұстанымын тәрбиелеу.

Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруда әйел және ер адамдарды сатылап және бірге тексеру үлкен рөль атқарады. Бұл үшін әрекеттегі барлық қызметтердің өзара байланыста жұмыс жүргізуі, білім алуда және емдеуде бірізділіктің болуы, осы желінің бастапқы буынының маңызын арттыру, ал болашақта – батыс елдердің мысалында психологтар мен заңгерлердің қатысуымен оны бірыңғай көп бейінді орталықтарға біріктіру қажет болып табылады.

Бедеу неке мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Оны ары қарай зерттеп, оны шешудің нақты жолдарын іздеу қажет.

Бедеу некенің алдын алу:

Балалар мен жасөсіпірімдердің жыныстық дамуында ауытқушылықтарды уақытында анықтау.
Ағзаның бала туу қызметіне жағымсыз әсер ететін аурулардың алдын алу.
Аборттарға қарсы белсенді күресу.
Халық арасында тиімді контрацепция әдістері мен құралдарын қолдану ұстанымын қалыптастыру.
Жастарға жыныстық және гигиеналық тәрбие беру.
Баласы жоқ бала туа алатын жастағы әйелдердің патологияларын белсенді анықтау, кеңес алуға жолдау, бала туу қызметі жағдайын нақтылау.
Уақытында анықтау, диспансерлік есепке алу, толық тексеру және емдеу.
Бедеулік – соңғы жарты ғасырда белең алған індет. Бедеуліктен емді неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым ауруды ерте жеңесіз! Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы мәліметі бойынша ерлер мен әйелдердің шамамен 5%-ы бедеу болып келеді. Өкініштісі, кейінгі жылдары 20 жасар жұптар арасында да бедеулік жиі кездеседі.
Жүктілік мүмкіндігі 40 жасқа қарай төмендегенімен, әйел алғашқы баласын 40-45 жаста да туа алады (бұл жаста – мұздатылған ұрық жұмыртқасы болған жағдайда). Бірақ сіз бедеулік жайында қаншалықты ерте білсеңіз, соншалықты емдеу ықтималдығы жоғары болады. Бедеулікке әкелетін фертильдігініздің (құнарлылығыңыздың) нашар екенін көрсететін бірнеше белгі бар. Назар аударыңыз!
Бедеулік – сіз білмеген 6 белгі
Бедеуліктің 1 белгісі: Тұрақсыз етеккір циклі
Етеккір циклінің орташа ұзақтығы 28 күнді құрайтындығы белгілі. Дәрігерлер егер етеккірдің басталуы бір-екі күнге ауысса, ал жалпы уақыты 21-ден 35 күн аралығын қамтыса, алаңдаудың қажеті жоқ екендігін айтады. Бірақ цикліңіз тұрақсыз болса және етеккірдің келуін алдын ала болжай алмайтын болсаңыз, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Себебі, бұл овуляция кезеңін немесе жұмыртқа жасушаларының ықтимал проблемаларын (бедеуліктің барлық жағдайларының 25%-ын құрайды), сондай-ақ ұрықталуға кедергі жасайтын поликистозды аналық без синдромы болуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Бедеулікке әкелетін 2 белгі: Етеккірдің көп болуы
Шамадан тыс немесе ұзаққа созылған (қан кету бес-жеті күннен асқан жағдайда) етеккір құнарлылық проблемаларының белгісі болуы мүмкін. Қалқанша безі, бүйрек аурулары және белгілі бір дәрі-дәрмектерді қабылдау (мысалы, қабынуға қарсы дәрілер) қан кетуді одан сайын күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл аналық бездің, жатыр миомасының және қатерсіз ісіктердің кейбір түрлерінен де болуы мүмкін. Ал осы бұзылулар, өкінішке қарай, жүктіліктің басталуына кедергі келтіреді. Сондықтан қан кету тым көп немесе ұзаққа созылса, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгініңіз.
Бедеуліктен хабар берер 3-ші белгі: Етекір кезіндегі ауырсыну
Көп әйелдер етеккір кезінде азды-көпті ауырсынады. Бірақ ауырсыну тым күшейсе, жамбас аймағынан іштің төменгі жағына, тіпті төменгі арқаға ауысса, бұл эндометриоздың белгісі болуы мүмкін: яғни жатырдың ішкі бетін түзетін тіндер аналық жасушаға, ішекке немесе кіші жамбастың басқа мүшелеріне тарайды. Эндометриоз сперматозоидтардың аналық жасушаға енуіне жол бермейтін тыртықтардың пайда болуына, сондай-ақ ұрықтандырылған жасушаның жатырдағы имплантациясын бұзуға әкеп соғады. Эндометриозбен ауыратын әйелдердің үштен бірі жүктілік кезінде қиындықтарға ұшырайды, сол себепті бойыңызда аталған аурудың белгілерін байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
Бедеуліктің 4 белгісі: Безеу – бедеулік белгісі болуы мүмкін
Безеу ұзаққа созылған күйзелістен, нақты бір дәрі-дәрмектерді қабылдаудан, гормондардың ауытқуынан пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, әйел ағзасындағы «еркек гормоны» андроген көп бөлінетін аналық жасушаның поликистозы басталуымен де байланысты болуы ықтимал. Жүктілік қабілетіңізге елеулі әсер ететін жағдайды болдырмау үшін гинеколог-эндокринологтың көмегіне жүгініңіз. Бедеулік жасырған 5-ші белгі: Еркектердің үлкейген ұмасы
Бедеуліктің әрбір үшінші жағдайына ерлер жауапты. Сол себепті алты ай ішінде жүкті болу мүмкін болмаса, жұптың екеуі де дәрігерге баруы қажет. Бұған себеп – варикоцеле, яғни ұрықтың сперматикалық сымдарын қамтамасыз ететін тамырлар шамадан тыс кеңейіп, сперматозоидтардың пайда болуына жол бермейді. Оның бірден-бір белгісі – кеңейтілген, ісінген тамырлардың пайда болуы (аяқтардағы варикозды тамырларға ұқсайды) және ұма көлемінің ұлғаюы. Бұл аурудың жарасы жеңіл, оңай емделеді, тек дәрігерге уақытында қаралу маңызды. Бедеулік хабар берген 6-шы белгі: Еркектің «құрғақ» тояттауы
Бедеулікке алып келетін ерлердегі тағы бір мәселе – ретроградтық эякуляция жүретін «құрғақ» оргазмдер. Мұндайда сперма қалыпты эякуляция кезіндегідей сыртқа шықпайды, қайтадан қуыққа түседі.
АЛДЫН АЛУЫ
Бедеуліктің алдын алу мақсатында репродуктивті мүшенің де, жалпы ағзаның да қабыну ауруларын уақытылы және жүйелі емдеу қажет. Себебі тыныс алу жолдарының, бүйрек немесе мидың жұқпалары репродуктивті жүйеге асқыну беруі мүмкін.
Бұдан басқа, кіші жамбас қуысы ағзаларына жасалатын отадан, түсік жасатудан аулақ болу керек.
Е, А, С витаминдеріне, қанықпаған май қышқылдарына бай азық-түлікпен дұрыс тамақтану қажет.
Адам өз денесінің гигиенасын сақтағаны дұрыс. Сонымен қатар жыныстық қатынастар гигиенасын сақтаудың да маңызы зор. Жыныстық серіктесті жиі ауыстыру, етеккір кезіндегі жыныстық қатынас, венерологиялық ауруларды жұқтыру, жүктілікті болдырмауға арналған дәрілік заттарды ретсіз қабылдау бедеуліктің жиі тараған себептері болып табылады.
СЕБЕПТЕРІ
Бедеуліктің жиі кездесетін себептері:
• репродуктивті мүшелердің қабынулық аурулары;
• түсіктер;
• жыныс жолдары арқылы берілетін аурулар;
• аналық без, гипофиз, қалқанша, бүйрекүсті бездерінің жұмысындағы гормоналды бұзылыстар;
• жыныс мүшелері құрылымының анатомиялық патологиялары;
• генетикалық бұзылыстар.

Дәрігер уролог Жәнібеков Нұрсұлтан Серікұлы

Бөлісу

Related posts

Түркістан облысы: Ордабасы аудандық ауруханасының фтизиатр дәрігері Олжабаев А: туберкулезді жеңу жолдарын айтты.

AdiletTV

Түркістан облысы: Ордабасы аудандық орталық ауруханасында «Фронт офис» пациенттерді қолдау бойынша қызмет істейді.

AdiletTV

ЕЛІМІЗДЕ 550 БАЛА КӨКЖӨТЕЛ ЖҰҚТЫРДЫ

Leave a Comment