Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану, бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету және әрбір жобаның сапалы орындалуын қатаң бақылау қажеттігін үнемі атап келеді.
Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік инвестициялар ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Ал бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің нақты нәтижесі болуы керек.
Бұл талаптар жергілікті деңгейде жүзеге асырылатын құрылыс пен абаттандыру жұмыстарына да тікелей қатысты. Арызданушы Мақтаарал ауданының тұрғыны Оразгелді Асабаевтың арызының негізі болып саналатын құрылыс нысанының атауы: Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту. Келісім-шарт: 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №52 шарт, 2025 жылғы 1 ақпандағы №52/3 қосымша келісіммен бекітілген объекті жайлы болмақ. Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Мырзакент кентіндегі орталық саябақтың қазіргі жағдайы бірқатар күмәнді сұрақ туындатып отыр. Қоғам белсендісі Оразгелді Асабаев саябақты абаттандыруға бөлінген 572 миллионнан астам теңгенің жұмсалуына күмән келтіріп, құрылыс жұмыстарын жан-жақты тексеруді талап етеді.
Ең алдымен, саябақтың жер аумағына қатысты мәселе бар. Белсендінің сөзінше, бұрын саябақтың көлемі шамамен екі гектар болған. Алайда қазір оның аумағы мен жер телімдерінің тиесілілігіне байланысты түсініксіз жайттар туындаған. Кейбір учаскелердің жекеменшікке өтуіне қатысты да сұрақтар бар. Сондықтан саябақтың бастапқы шекарасы мен қазіргі жер көлемін, сондай-ақ қабылданған шешімдердің заңдылығын анықтау қажет.
Екінші әрі ең басты мәселе – 572 миллионнан астам теңгенің нақты қайда жұмсалғаны. Белсенді 2023 жылға дейін егілген ағаштар мен көшеттерді де назардан тыс қалдырмау керектігін айтады. Өйткені бұрыннан бар жасыл желектерді жаңа жоба аясында атқарылған жұмыс ретінде көрсетуге болмайды. Сондықтан көшеттердің саны, егілген уақыты және көгалдандыруға жұмсалған қаражат жеке тексерілуі тиіс.
Жобада екі асхана, сахна, су жүйесіне қатысты жабдықтар, трансформаторлар және басқа да абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Алайда белсенді кейбір нысандардың жобада көрсетілгенімен, іс жүзінде толық орындалмағанын алға тартады.
Мәселен, оның айтуынша, бір асхана құрылысына 60 миллион, екіншісіне 20 миллион теңге қарастырылған. Бірақ олардың қазіргі жағдайы жобалық талаптарға сәйкестігіне күмән келтіреді. Бұдан бөлек, 18 миллион теңгеге салынуы тиіс су мұнарасы да орнында жоқ екенін айтады. Егер бұл нысандарға қаражат бөлініп, төлем жасалған болса, олардың нақты орындалуы құжат жүзінде дәлелденуі керек.
Жоба бойынша екі трансформатор орнатылуы тиіс болған. Алайда белсенді тек біреуі ғана бар екенін айтады. Екінші трансформатордың қайда кеткені де жауапсыз қалған сауалдардың бірі.
Инженерлік жұмыстардың сапасына қатысты да сын бар. Арызданушының пікірінше, құбырлар мен су жүйесін орнату кезінде тиісті технологиялық талаптар сақталмаған болуы мүмкін. Құбырлар белгіленген тереңдікте төселіп, астына құм салынып, топырақ тиісті деңгейде нығыздалуы қажет. Алайда атқарылған жұмыстардың осы талаптарға сәйкестігі күмән тудырады. Мұны арнайы құрылыс-техникалық сараптама арқылы анықтау қажет.
Тағы бір назар аударатын мәселе – саябақ аумағының едәуір бөлігіне бетон төселуі. Асабаев бетон жұмыстарына жұмсалған қаражаттың көлемін де тексеру керек деп санайды. Себебі көгалдандыруға қомақты қаржы бөлінгенімен, жасыл желектер мен көріктендіру жұмыстарының нақты көлемі сұрақ тудырады. Егер жобада көгалдандыру қарастырылса, аумақтың басым бөлігінің қатты жабынмен жабылуы да түсіндірілуі тиіс.
Сахна мен ойын алаңдарына қатысты да сауалдар бар. Белсендінің айтуынша, кейбір жерлерде ойын алаңдарына арналған орындар ғана белгіленіп, қажетті жабдықтар толық орнатылмаған. Демек, жобада көрсетілген нысандардың барлығы іске асырылды ма деген сұрақ туындайды.
Ал техникалық қадағалау қызметіне 20 миллион теңге төленгені де ерекше назар аударуды қажет етеді. Оның негізгі міндеті – құрылыс жұмыстарының жобаға және белгіленген талаптарға сай орындалуын бақылау. Ендеше, осындай сұрақтар туындаған жағдайда техникалық қадағалау мамандары жұмысты қалай қабылдады? Қандай кемшіліктерді анықтады? Орындалған жұмыстарға қандай негізде оң қорытынды берді? Бұл мәселелер де тексерілуі керек.
Жергілікті әкімдік өкілдері анықталған кемшіліктерді инфляциямен байланыстыратынын айтқан. Алайда белсенді мұндай түсіндірмені жеткіліксіз деп есептейді. Оның пікірінше, жобаға өзгеріс енгізілсе немесе кейбір нысандардан бас тартылса, бұл тиісті құжаттармен рәсімделуі тиіс. Инфляция туралы уәж нақты орындалмаған жұмыстардың есебін түсіндірудің орнына жүрмеуі керек.
Сондықтан ең алдымен жобалық-сметалық құжаттама, орындалған жұмыстар актілері, төлем құжаттары мен техникалық қадағалау қорытындылары салыстырылуы қажет. Сатып алынған жабдықтардың саны, олардың жеткізілуі мен орнатылуы, құрылыс материалдарының көлемі және атқарылған жұмыстардың сапасы тексерілуі тиіс. Қажет болған жағдайда тәуелсіз құрылыс-техникалық сараптама жүргізілуі керек.
Бұл ретте жауапкершілік тек мердігер ұйыммен шектелмеуі тиіс. Тапсырыс беруші тараптың жұмысты қабылдау тәртібі, техникалық қадағалау қызметінің қорытындылары және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылаған жауапты тұлғалардың әрекеті де назарға алынуы қажет.
Қоғам белсендісі Оразгелді Асабаев осы мәселелерге байланысты саябақ құрылысын заң аясында жан-жақты тексеріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдарды құзырлы органдарға жолдауды сұрайды.
Өйткені мәселе бір ғана саябақтың жағдайында емес. Бұл – мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуы, бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалардың ашықтығы және мемлекеттік тапсырыстың орындалуын кім әрі қалай бақылағаны туралы мәселе.
572 миллионнан астам теңге – жай ғана сан емес. Оның артында халықтың сенімі мен мемлекеттік жауапкершілік тұр. Сондықтан саябақтың жер көлемінен бастап, асханалар мен су мұнарасына, трансформаторлар мен инженерлік жүйелерге дейінгі барлық мәселе ашық тексерілуі тиіс.
Ал қоғам күтіп отырған басты жауап сол күйі тұр: 572 миллионнан астам теңге нақты қайда жұмсалды? Жобадағы жұмыстар толық орындалды ма? Техникалық қадағалау өз міндетін атқарды ма? Егер заңбұзушылықтар анықталса, оған кім жауап береді?**
Мемлекет басшысы әрбір жобаның сапалы әрі нәтижелі орындалуын талап етіп отыр. Оны Халыққа арналған Жолдауында да айтып отыр.Үкімет басшысы Олжас Бектенов те мемлекеттің әрбір тиынын қадағалап заңсыздықтарды кері қайтарып отырған тұста Мырзакенттегі саябаққа құмға сінген судай жоқ болған миллиондардың халық игілігіне қайтарылуына кірісетін уақыт келді. Тиісті тұлғалар сол кездегі құрылыс және сәулет бөлімі басшысы Анарбеков Б., техникалық қадағалау «Нұр & М Құрылыс» ЖШС директоры Сәрсенов С., авторлық қадағалау «Сан Тех- Строй проект» ЖШС директоры Сәрсебаев Е., мердігер «Град строй Сервис» ЖШС директоры Жұматаев Б. Заң алдында жауап беріп ақ-қарасын ажыратып, мәселенің әділ шешілуіне құхырлы органдар кіріседі деген үміттеміз. Ендеше, Мырзакенттегі саябақ құрылысы да осы талапқа сай тексеріліп, халыққа нақты жауап берілуі тиіс.
Осыған байланысты Мырзакент кентіндегі орталық саябақтың құрылысына қатысты көтерілген мәселелер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың назар аударуын талап етеді.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған бұл жобаның орындалу барысын назарға алып, жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты тексеру жүргізуді қамтамасыз етуді сұраймыз.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтан бөлінген 572 миллионнан астам теңгенің жұмсалуына байланысты ықтимал қаржылық заңбұзушылықтардың бар-жоғын агенттік құзыреті шегінде тексеріп, заңсыздықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды өтінеміз.
Өйткені мемлекеттік бюджет қаржысының әрбір теңгесі халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс. Ал осындай қомақты қаражаттың игерілуіне қатысты туындаған сұрақтар жауапсыз қалмауы керек.
